Көлік инфрақұрылымы нысандарында қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және құқық бұзудың алдын алу мақсатында биылғы 8–14 маусым аралығында Өскемен-1 станциясындағы желілік полиция бөлімшесі мен Алтай станциясындағы желілік полиция бөлімшесінің қызмет көрсету аумағында «Көліктегі қауіпсіздік» жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізіледі.
Аталған шараның негізгі мақсаты – теміржол көлігі нысандарында болуы мүмкін жазатайым оқиғалардың, төтенше жағдайлардың, жедел тежеуге әкелетін қауіп-қатерлердің, сондай-ақ қоғамдық орындарда жасалатын қылмыстар мен әкімшілік құқық бұзудың алдын алу.
Іс-шара барысында құқық қорғау органдарының қызметкерлері жолаушылар пойызында, теміржол вокзалында қауіпсіздік талаптарының сақталуын күшейтілген тәртіпте бақылауға алады. Сонымен қатар азаматтармен профилактикалық түсіндіру жұмысы жүргізіліп, көлік нысандарындағы тәртіпті сақтау, жол жүру ережелерін бұзбау және жеке қауіпсіздік шараларын сақтау мәселелеріне ерекше назар аударылады.
Полицейлер тұрғындар мен жолаушыларды қоғамдық тәртіпті сақтауға, көлікте белгіленген қауіпсіздік талаптарын қатаң ұстану қажеттігін ескертеді. Әсіресе темір жол бойында белгіленбеген жерден кесіп өтпеу, қозғалыстағы пойызға жақындамау, вокзалда күдікті заттар мен жағдайлар туралы дереу хабарлау қажет.
«Көліктегі қауіпсіздік» жедел-профилактикалық іс-шарасы көлік нысандарындағы құқықтық тәртіпті нығайтуға, азаматтардың өмірі мен денсаулығын қорғауға, сондай-ақ жолаушылар үшін қауіпсіз әрі жайлы орта қалыптастыруға бағытталған.

