TEREZE MEDIA сараптамалық-танымдық интернет-журналы
ЖаңалықтарЭкология

Спутник суреттері: Шығыс Қазақстандағы құрылыс алаңдары бұрын қандай болған?

Фото: Сәтпаев-Жібек жолы 2025 мамыр

Шығыс Қазақстанда кейінгі жылдары инфрақұрылымды дамыту мен тұрғын үй құрылысы белсенді жүріп жатыр. Қала ішінде жаңа жолдар салынып, ықшам аудандар пайда болса, аудандарда көпірлер мен өндірістік нысандар жұмысы басталды. Дегенмен мұндай дамудың екінші жағы да бар: құрылыс жүргізілген аумақтарда қалың тоғай оталып, табиғи ландшафт өзгеріске ұшыраған. Tereze media тілшілері спутник суреттерін сараптап, өңірдегі бірнеше құрылыс алаңының бұрынғы және кейінгі көріністерін салыстырып көрді.

СӘТПАЕВ ДАҢҒЫЛЫ БОЙЫ

Өскемендегі Сәтпаев, Жібек жолы, Есенберлин және Базовая көшелерінің қиылысында қызу құрылыс жүргізіліп жатыр. Айналма жол мен эстакада түсті. Осы жұмыс басталардан бұрын көшелер кеңейтіліп, жасыл желек тегістелгені белгілі. Tereze media 2023 жылдың 22 мамырында және 2025 жылдың 2 мамырында спутниктен түсірілген суреттерді тапты. Екі жылдағы өзгеріс айқын көрінеді.

Фото: Сәтпаев даңғылының бойындағы жол құрылысы. 22 мамыр 2023 жыл. Скриншот Google-дің спутник суреттерінен алынды.
Фото: Сәтпаев даңғылының бойындағы жол құрылысы. 2 мамыр 2025 жыл. Скриншот Google-дің спутник суреттерінен алынды.

СӘТПАЕВ – БАЗОВАЯ КӨШЕЛЕРІНІҢ ҚИЫЛЫСЫ

Tereze media осы құрылысқа жақын, орталық мешітке қарама-қарсы беттегі тоғайдың ортасы да ойылып қалғанын байқады. 2023 жылы жайқалып тұрған ағаштар неге кесілгені бізге белгісіз.

Фото: Сәтпаев даңғылы мен Базовая көшесінің қиылысындағы жер учаскесі. 22 мамыр 2023 жыл. Скриншот Google-дің спутник суреттерінен алынды.
Фото: Сәтпаев даңғылы мен Базовая көшесінің қиылысындағы жер учаскесі. 2 мамыр 2025 жыл. Скриншот Google-дің спутник суреттерінен алынды.

ТЕАТР ІРГЕСІНДЕГІ ҮЙЛЕР

Өскеменнен үшінші мысал. Шығыс Қазақстан облыстық драма театрының арты қалай тұрғын ауданға айналғаны халықтың көз алдында. Сол жағалау ауылына барар жолдың бойы қалың жыныс болғанын да көпшілік біледі. Кейінгі бес-алты жылда бұл аумақ құрылыс алаңына айналып, тұрғындар баспанаға қол жеткізе алған болатын. Алайда экологтарға аса ұнай қоймайтын бір жайт, осы учаскедегі тал-дарақ та оталды. Tereze media жұмыс басталғанға дейінгі, құрылыс қызу жүріп жатқан кездің өзі және кейінгі көріністерді ұсынады.

Фото: Драма театрының іргесіндегі көпқабатты үйлер салынған аумақ. 9 тамыз 2018 жыл. Скриншот Google-дің спутник суреттерінен алынды.
Фото: Драма театрының іргесіндегі көпқабатты үйлер салынған аумақ. 5 мамыр 2021 жыл. Скриншот Google-дің спутник суреттерінен алынды.
Фото: Драма театрының іргесіндегі көпқабатты үйлер салынған аумақ. 2 мамыр 2025 жыл. Скриншот Google-дің спутник суреттерінен алынды.

«СЕРПАНТИН» КӨПІРІ

Биыл Өскемен мен Катонқарағай ауданы арасын жалғайтын жолдың Алтай ауданындағы бөлігінде жаңа көпір салынды. Бұл шопырларға былайғы жұрт «серпантин» деп атайтын бұралаң тау жолын айналып өтуге мүмкіндік береді. Жергілікті билік жолаушылар қауіпті асумен жүрмеуі үшін осындай «оңтайлы жобаны» іске асырғанын айтады. Дегенмен, таяқтың екі ұшы бар дегендей, жұмыс барысында таудың көк шөбі жапырылғаны анық аңғарылады.

Фото: Өскемен – Катонқарағай бағытындағы жаңа көпір салынған жер. 10 шілде 2013 жыл. Скриншот Google-дің спутник суреттерінен алынды.
Фото: Өскемен – Катонқарағай бағытындағы жаңа көпір салынған жер. 25 қыркүйек 2024 жыл. Скриншот Google-дің спутник суреттерінен алынды.

МАРАЛДЫДАҒЫ АЛТЫН ЗАУЫТЫ

Күршім ауданына қарасты Маралды ауылының жоғары жағында былтыр алтын өндіретін зауыт ашылды. Алтын кені ашық әдіспен алынып жатыр. Біз кеніш пен зауыттың бір жаз ішінде жоғарыдан түсірілген суреттерін кезіктірдік. Үш айдағы айырмашылық қандай екенін көре аласыз.

Фото: Күршім ауданы Маралды ауылындағы алтын кеніші мен фабрика аумағы. 20 маусым 2025 жыл. Скриншот Google-дің спутник суреттерінен алынды.
Фото: Күршім ауданы Маралды ауылындағы алтын кеніші мен фабрика аумағы. 11 тамыз 2025 жыл. Скриншот Google-дің спутник суреттерінен алынды.

МАРҚАКӨЛДЕГІ КЕН ОРНЫ

Марқакөл ауданы Ақбұлақ ауылының маңында Қаршыға деп аталатын мыс кеніші бары белгілі. 2018 жылғы спутник суретінде аумақта карьер басталмағаны байқалады. Ал 2024 жылғы суретте өндіріс аумағы кеңейген. Екі суретті салыстырғанда, тау бөктеріндегі табиғи ландшафт өзгергені аңғарылады.

Фото: Марқакөл ауданы Ақбұлақ ауылы маңындағы Қаршыға мыс кеніші. 31 желтоқсан 2018 жыл. Скриншот Google-дің спутник суреттерінен алынды.
Фото: Марқакөл ауданы Ақбұлақ ауылы маңындағы Қаршыға мыс кеніші. 10 қазан 2024 жыл. Скриншот Google-дің спутник суреттерінен алынды.

Ұқсас мақалалар

ШҚО-да ерекше білім беру қажеттілігі бар балалар көбейді. Оған не себеп?

redaktor_tereze

Ақпараттық хабарлама

redaktor_tereze

Шығыста орман алқабын дрондар бақылайды

admin_tereze