TEREZE MEDIA сараптамалық-танымдық интернет-журналы
ЖаңалықтарЭкология

Кеніш жабылды, бірақ ластану тоқтамай тұр: Карагужиха тағы да тоқсары түске боялды

Фото: видеодан алынған кадр/shqoecodep

Шығыс Қазақстандағы Карагужиха өзені тағы да тоқсары түске боялды. Экологтар өзен суын тексеріп, оның неден ластанғанын анықтады.

Облыстық экология департаментінің хабарлауынша, ведомство мамандары ескі кеніш аумағында қоршаған ортаға зиян келтірген бірқатар заң бұзу дерегін анықтады.

2026 жылғы 31 шілдеде экология департаменті «Востокцветмет» ЖШС-ның бұрынғы Юбилейно-Снегирихинский кенішіне жоспардан тыс тексеру жүргізді. Оған Карагужиха өзенінің «апельсин» түстес болып өзгеруі себеп болған. Тексеру барысында кенішті жабу жұмысы дұрыс атқарылмағаны анықталды. Соның салдарынан шахта суы жер бетіне шыққан. Жиналған шахта суы кеніш аумағындағы жылғамен ағып Карагужиха өзеніне құйылған. Осыдан кейін өзен суы «апельсин» түске боялып, оның сапалық және химиялық көрсеткіштері нашарлаған. Сондай-ақ өзен суының табиғи гидрохимиялық режимі бұзылып, экологиялық құндылығы төмендеген.

Ластаушы заттардың өзенмен әрі қарай таралу қаупі туындаған. Бұл экологиялық жағдайды нашарлатып, қоршаған ортаға айтарлықтай зиян келтіруі мүмкін, – деп мәлімдеді Шығыс Қазақстан облыстық экология департаменті мемлекеттік экологиялық бөлімінің басшысы, аға инспектор Меруерт Жарылғасымова.

Фото: видеодан алынған кадр/shqoecodep

Тексеру қорытындысына сәйкес, «Востокцветмет» ЖШС Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 328, 331, 337 және 358-баптары бойынша жауапқа тартылды. Яғни, кәсіпорын қоршаған ортаға белгіленген мөлшерден артық зиянды зат шығару немесе төгу, атмосфералық ауа мен суды ластанудан қорғау талаптарын сақтамаған, сондай-ақ жердің ластануына немесе бүлінуіне жол берген, су нысандарын ластанудан, қоқыстан және сарқылудан қорғау талаптарын бұзған.

Департамент мамандары кәсіпорынға келтірілген экологиялық залал салдарын жою жоспарын әзірлеу жөнінде нұсқама берді.

Жоғарыда «Карагужиха тағы да тоқсары түске боялды» дедік. Олай деген себебіміз, өзен суы бұған дейін де қызғылт реңкке боялған.

Естеріңізде болса, Tereze media журналисі жыл басында «Ертістің ертеңі не болмақ? Қазақстандағы ең ірі өзеннің экологиялық жағдайы алаңдатады» деген тақырыппен сараптамалық мақала жариялаған. Онда Карагужиханың қалай «Қызыл өзен» аталғаны түсіндіріледі.

Бірнеше жыл бұрын Шығыс Қазақстандағы шағын өзендердің бірінде экологиялық апат болды. Облыстың мамандандырылған табиғат қорғау прокуратурасы Юбилейно-Снегирихинский кеніші жабылғанда жол берілген заңсыздықтар салдарынан Кіші Карагужиха өзені ластанғанын анықтады.

Экология департаменті жүргізген зерттеулер судағы ауыр металдар (мырыш, кадмий, темір, марганец және т.б.) мөлшері рұқсат етілген нормадан 83 мың есе асып кеткенін растады. Кеніш аумағындағы уланған бұлақтар Кіші Карагужихадан бөлек, Карагужиха мен Үбі өзендеріне де құяды. Ал олардың бәрі Ертіске қосылады, делінген мақалада.

Фото: видеодан алынған кадр/shqoecodep

Әлихан Бөкейхан атындағы Қазақ орман шаруашылығы және агроорманмелиорация ғылыми-зерттеу институты Алтай филиалының директоры Андрей Калачев экологиялық апаттан кейін Карагужиха өзенінде балықтар қырылып, судың түсі өзгергенін айтқан.

Юбилейно-Снегирихинский полиметалл кеніші ашылғанға дейін Карагужиха өзенінен адамдар қарауыз (хариус) бен күмжі (таймень) секілді тұщы суда ғана тіршілік ететін балықтарды аулайтын. Кеніш пайдалануға берілген соң шахтаның лас суы кішігірім бұлақтарға қосылып, өзенге құя бастады. Содан бері жергілікті тұрғындар Қарагужиханы «Қызыл өзен» атап кетті. Өйткені судың түсі қып-қызыл болып өзгерді. Кеніш жабылғаннан кейін де судың түсі өзгермеді, жыл мезгілдеріне қарай бірде сұр, енді бірде қоңыр немесе қызыл түске енеді. Өзен суы қандай элементтермен ластанып жатқанын анықтау үшін химик болудың қажеті жоқ. Бәрі көзге көрініп тұр. Ластану салдарынан Карагужихада балықтар мүлде жойылды. Ал бұл шағын су көзі Ертіске құйып жатыр, – деді ол.

Калачевтің айтуынша, өзен арнасын қалпына келтіру жүргізілгенмен, негізгі аумақ қамтылмай қалған.

Соның салдарынан ескі кеніш аймағында қордаланған улы қалдықтар әлі күнге дейін жауын-шашынмен өзенге ағып, Карагужиханы ластап жатыр.

Ұқсас мақалалар

Қойтастағы жер дауы: ауыл тұрғындарының талабы орындала ма?

redaktor_tereze

Шығыстағы туристік аймақтардың экологиялық ахуалы қалай?

admin_tereze

Өскемендегі көшеттер неге өліп жатыр?

redaktor_tereze