TEREZE MEDIA сараптамалық-танымдық интернет-журналы
ЖаңалықтарЭкология

Катонқарағайда туризм дамып жатыр, ал табиғат оған дайын ба?

Фото: Мерей Қайнарұлы/Қаракөл

Катонқарағай «қоқыс қарағайға» айналып барады. «Қаракөлге келмей-ақ қойыңыздаршы!». Тұрғындар осылай деп дабыл қағып жатыр. Өйткені туризмнің төріне айналған өңірлер қоқыс астында қалып, табиғат экологиялық зардап шеге бастады. Туристерге төрін ұсынып, инвесторға есігін ашқан өңірдің ертеңі не болмақ? Көркем табиғат аясының күресінге айналуына кім кінәлі?

Кейінгі кезде Алтайдың шар айнасына айналған Рахман қайнарына апарар жол мен көл жағасы «қоқыс полигонына» айналып бара жатқандығы жиі айтылып жүр.

Фото: Мерей Қайнарұлы.

Туризмнің дамығаны ел иглігі үшін де, жергілікті тұрғындар үшін де қажет-ақ. Алайда табиғат тазалығы мен өрт қауіпсіздігі алаңдатады. Соңғы екі жылда Берел, Қаракөл, Рахман қайнарының маңы қоқысқа көміліп жатыр. Мен жергілікті әкімдік пен ұлттық парк қызметкерлерін кінәлаудан аулақпын. Бұл енді сонда демалысқа барған адамдардың мәдениетінің аздығы деп ойлаймын. Сана тазармай, дала тазармайды. Менің ойымша тазалықты сақтамаған адамдарға айыппұл салуды күшейтпей, бұл мәселе шешілмейтін сияқты. Туған жерім Катонқарағаймен іргелес жатқан Қытайдың Қанас демалыс орнына үш рет бардым. Қателеспесем Қанасқа күніне 30 мыңға жуық турист келеді екен. Сонда жол бойынан бірде-бір қоқыс көрмейсің. Міне, бізге де осындай жағдайға жету үшін өзіміздің мәдениетті қалыптастыру қажет. Мүмкін Катонқарағайға қоқыс полигонын салу керек шығар. Мүмкін ұлттық парк қызметкерлерінің айыппұл салу құзіретін күшейту керек шығар. Қалай болғанда да бұл жағдайды кеш болмай тұрғанда қолға алған жөн, – деді Катонқарағай өңірінің тумасы, «Егемен Қазақстан» газетінің тілшісі Мерей Қайнарұлы.

Фото: видеодан алынған кадр/Бұқтырма су қоймасы.

Шығыс Қазақстан облысындағы бірқатар демалыс орнына тексеріс жүгізген облыстық экология департаментінің мамандары да туристік аумақтарды қоқыс басып бара жатқандығын растап, экологиялық талаптардың сақталмағанын анықтаған. Жуықта құзырлы мекеме өкілдері Бұқтырма су қоймасы жағалауындағы және Катонқарағай ауданындағы туристік нысандарға жоспардан тыс тексеру жүргізді.

Жоспардан тыс тексеру барысында кейбір демалыс орындарында ағынды суды тазартуға арналған жергілікті тазарту құрылыстары жоқ екені белгілі болды. Атап айтқанда, нысандарда септиктер мен арнайы шұңқырлар пайдаланылған. Алайда оларды жергілікті тазарту жүйелерімен жабдықтау талаптары орындалмаған. Бұл жағдай топырақтың, жерасты және жерүсті суларының ластану қаупін арттырады. Бұдан бөлек, кейбір демалыс базаларында тұрмыстық қатты қалдықтарды шығару бойынша келісімшарт жоқ. Бұл қоқысты басқару талаптарының тиісті деңгейде орындалмағанын көрсетеді, – деп атап өтті Шығыс Қазақстан облыстық экология департаменті мемлекеттік экологиялық бөлімінің басшысы, аға инспектор Меруерт Жарылғасымова.

Эколгиялық жағдайға бейжай қарамайтын әлеуметтік желі белсенділері мен жергілікті тұрғындар да әртүрлі бейнежазбалар жариялап, табиғат тазалығына алаңдаушылық білдіре бастаған.

Қаракөл – адам аяғы сирек басатын Алтайдың қойнауында жатқан, жанға тыныштық сыйлайтын ерекше таза мекен еді. Алайда соңғы бір жылда көлдің жағасы туристер мен қонақтардың «свалкасына» айналды. Сасыған қоқыс пен борсыған тамақтың иісіне қазір аюлар да түнделетіп жиі келіп жүрген көрінеді. Бұған әкімдікті немесе ұлттық табиғи парк қызметкерлерін кінәлай алмаймыз. Себебі олар қолдарынан келгенше өртейтін қоқысты өртеп, қалғанын трактор мен газельге тиеп аудан орталығына жеткізіп отыр.

Осының бәріне туристер кінәлі. Егер әкелген қоқыстарыңызды алып кете алмасаңыздар, арттарыңызы жинай алмасаңыздар, Қаракөлге келмей-ақ қойыңыздаршы! Көрікті табиғат орындарын тек мәдениетпен, тазалықпен ғана сақтап қала аламыз, – делінген katon_tour_east парақшасында жарияланған бейнеүндеуде.

Фото: Мерей Қайнарұлы/Қаракөл

Өскемендік экобелсенді, AMALAYA PROJECT компаниясының директоры  Танир Ясса қоқыс басып бара жатқан туристік аймақтардың мәселесімен жүйелі түрде айналыспаса ертең кеш болуы мүмкін дейді.

Шығысқа келген демалушылар саны жыл сайын еселеп өсіп жатыр, олардан 1 мың тоннадан астам тұрмыстық қалдық қалды. Мұны табиғатқа шыққан кез келген адам көреді. Шашылып жатыр. Оның бәрін жинау қиын. Сондықтан мәселені жүйелі шешу керек. Ең әуелі шетелдегі сияқты инфрақұрылымға мән берілсе, туристік аймаққа апаратын жолдардың бойына қоқыс жәшіктері орнатылып, дәретханалар қойылса және олар жиі болғаны дұрыс. Демалыс базаларында да қоқыс жәшіктері көп болуы керек. Өкініштісі бізде бұл жағы ақсап тұр. Салдарынан әр жерде рұқсат етілмеген қоқыс полигондары пайда болып жатыр. Одан сасық иіс тарайды, өртенуі мүмкін. Ал жиналған целлофан пакеттер желмен ұшып бүкіл далаға шашылды. Бұдан табиғат зиян шегіп жатыр, – деді экобелсенді.

Фото: Tereze media/Танир Ясса

Сонымен қатар экобелсенді туристік нысандардан шығатын кәріз суы топыраққа сіңіп, жерасты суларын ластайды деп қауіптенеді. Айтуынша, көпшілік демалыс үйінің кәріз жүйесі талапқа сай емес.

Мен білетін демалыс базаларының басым бөлігінде «септиктер» (кәріз суы жиналатын шұңқыр) арнайы жабдықталмаған. Олардың бәрі терең шұңқыр қазып, сарқын суды соған төгеді. Ал ол шұңқырда қаншама химиялық улы зат, қалдық жиналып, топыраққа сіңеді. Жерасты суын ластайды. Оны адамдар ішеді. Бұл табиғатқа, адамдардың денсаулығына өте қауіпті, – деп атап өтті Танир Ясса.

Экобелсенді туризм табиғатқа залал келтірмеуі керек деген қағиданы берік ұстанады. Өйткені туризмнен түсетін табыс көбіне табиғатқа келген зиянды толық өтей алмайды. Себебі табиғи жүйелердің бір бөлігі қалпына келеді, ал бір бөлігі мүлде жойылып кетеді немесе ұзақ уақыт қалпына келеді. Мәселен, орманның оталуы, сирек өсімдіктер мен жануарлардың жойылуы, өзен-көлдердің ластануы – мұның бәрін ақшамен өлшеу қиын.

Табиғатсыз туризм болмайды. Сондықтан Шығыстың әсем табиғатын сақтай отырып болашақта Төр Алтайды еліміздегі туризмнің ошағына айналдыра аламыз. Ал табиғатты ластап, қалай болса солай пайдалансақ, ұзаққа бармаймыз. Туризмнің негізгі тартымдылығы – әсем табиғат, таза ауа, ұлттық парктер, көлдер, таулар. Бұл әсемдік бүлінсе, туризмді дамыту қиын. Туризмнен түсетін табыс уақытша, ал экологиялық зиян көп жылға созылады. Экологияны сақтау тұрақты туризмнің басты шарты: алдымен табиғат, содан кейін ғана табыс. Көп мемлекет осыны түсініп, экотуризм бағытына басымдық берген. Яғни, туризм табиғатты бүлдірмей дамуға тиіс. Туризмнен түскен табыс табиғатты қорғауға жұмсалса ғана таразы басы тең болып, тепе-теңдік сақталады, – деді экобелсенді.

Маманның пікірінше, әлемдік тәжірибеде табиғатты қорғау туризмнің негізгі шартына айналған. Мысалы, Швейцарияның тау аймақтарына туристік нысан салмас бұрын экологиялық сараптама міндетті түрде жүргізіледі, ал ауаның тазалығын сақтау үшін көліктердің белгілі бір аймақтарға кіруіне шектеу қойылған. Коста-Рика елі экотуризмнің үлгісін жасап, өз аумағының жартысына жуығын ұлттық парктер мен қорықтар ретінде қорғауға алған. Бұл ел табиғатқа зиян тигізбеу арқылы туризмнен табыс тауып отыр. Жапонияда табиғи саябақтарға баратын турист саны шектеліп, экологиялық ережелерді бұзғандарға айыппұл салынады. Мұның бәрі табиғатты сақтай отырып туризмді дамытудың нақты мысалдары.

Қысқа мерзімде туризмнің табысы маңызды көрінуі мүмкін, ал болашақты ойлайтын елдерге ұзақ мерзімде экологияны қорғау әлдеқайда құнды. Сондықтан табиғатты сақтай алғанда ғана туризм де дамиды, экономика да алға басады. «Экология – іргетас, туризм – соған салынатын құрылыс» деген тәмсіл осыдан шықса керек-ті.

Ұқсас мақалалар

Кеніш жабылды, бірақ ластану тоқтамай тұр: Карагужиха тағы да тоқсары түске боялды

redaktor_tereze

Шығыс Қазақстанда рұқсатсыз қоқыс полигондары азаймай тұр

admin_tereze

Жас таланттардың өнерін шыңдаған саз мектебі — ШҚО

admin_tereze