Шығыс Қазақстанда кейінгі жылдары инфрақұрылымды дамыту мен тұрғын үй құрылысы белсенді жүріп жатыр. Қала ішінде жаңа жолдар салынып, ықшам аудандар пайда болса, аудандарда көпірлер мен өндірістік нысандар жұмысы басталды. Дегенмен мұндай дамудың екінші жағы да бар: құрылыс жүргізілген аумақтарда қалың тоғай оталып, табиғи ландшафт өзгеріске ұшыраған. Tereze media тілшілері спутник суреттерін сараптап, өңірдегі бірнеше құрылыс алаңының бұрынғы және кейінгі көріністерін салыстырып көрді.
СӘТПАЕВ ДАҢҒЫЛЫ БОЙЫ
Өскемендегі Сәтпаев, Жібек жолы, Есенберлин және Базовая көшелерінің қиылысында қызу құрылыс жүргізіліп жатыр. Айналма жол мен эстакада түсті. Осы жұмыс басталардан бұрын көшелер кеңейтіліп, жасыл желек тегістелгені белгілі. Tereze media 2023 жылдың 22 мамырында және 2025 жылдың 2 мамырында спутниктен түсірілген суреттерді тапты. Екі жылдағы өзгеріс айқын көрінеді.


СӘТПАЕВ – БАЗОВАЯ КӨШЕЛЕРІНІҢ ҚИЫЛЫСЫ
Tereze media осы құрылысқа жақын, орталық мешітке қарама-қарсы беттегі тоғайдың ортасы да ойылып қалғанын байқады. 2023 жылы жайқалып тұрған ағаштар неге кесілгені бізге белгісіз.


ТЕАТР ІРГЕСІНДЕГІ ҮЙЛЕР
Өскеменнен үшінші мысал. Шығыс Қазақстан облыстық драма театрының арты қалай тұрғын ауданға айналғаны халықтың көз алдында. Сол жағалау ауылына барар жолдың бойы қалың жыныс болғанын да көпшілік біледі. Кейінгі бес-алты жылда бұл аумақ құрылыс алаңына айналып, тұрғындар баспанаға қол жеткізе алған болатын. Алайда экологтарға аса ұнай қоймайтын бір жайт, осы учаскедегі тал-дарақ та оталды. Tereze media жұмыс басталғанға дейінгі, құрылыс қызу жүріп жатқан кездің өзі және кейінгі көріністерді ұсынады.



«СЕРПАНТИН» КӨПІРІ
Биыл Өскемен мен Катонқарағай ауданы арасын жалғайтын жолдың Алтай ауданындағы бөлігінде жаңа көпір салынды. Бұл шопырларға былайғы жұрт «серпантин» деп атайтын бұралаң тау жолын айналып өтуге мүмкіндік береді. Жергілікті билік жолаушылар қауіпті асумен жүрмеуі үшін осындай «оңтайлы жобаны» іске асырғанын айтады. Дегенмен, таяқтың екі ұшы бар дегендей, жұмыс барысында таудың көк шөбі жапырылғаны анық аңғарылады.


МАРАЛДЫДАҒЫ АЛТЫН ЗАУЫТЫ
Күршім ауданына қарасты Маралды ауылының жоғары жағында былтыр алтын өндіретін зауыт ашылды. Алтын кені ашық әдіспен алынып жатыр. Біз кеніш пен зауыттың бір жаз ішінде жоғарыдан түсірілген суреттерін кезіктірдік. Үш айдағы айырмашылық қандай екенін көре аласыз.


МАРҚАКӨЛДЕГІ КЕН ОРНЫ
Марқакөл ауданы Ақбұлақ ауылының маңында Қаршыға деп аталатын мыс кеніші бары белгілі. 2018 жылғы спутник суретінде аумақта карьер басталмағаны байқалады. Ал 2024 жылғы суретте өндіріс аумағы кеңейген. Екі суретті салыстырғанда, тау бөктеріндегі табиғи ландшафт өзгергені аңғарылады.


