TEREZE MEDIA сараптамалық-танымдық интернет-журналы
Жаңалықтар

Орманды сақтаймыз десек, орманшыны қорғайық

Фото; Мерей Қайнарұлы

Шығыстың жері орманымен шырайлы болса, өзен-көлімен шұрайлы. Өңірге өң беріп тұрған сол орманға қорған болудың маңызы жыл санап артып келеді. Өйткені орман өртінен бөлек, табиғатқа зиян тигізетін адами факторлар тағы бар. Оған климаттың күрт өзгеруін қосыңыз. Сондықтан бүгінде орманшы мамандарды даярлауға мемлекеттік деңгейде көңіл бөлініп отыр. Алайда бұл мамандыққа жастардың қызығушылығы аз. Оның себебі не?

ГРАНТТЫҢ КӨБІ ҚАЙ МАМАНДЫҚҚА БӨЛІНДІ?

Биыл Шығыс Қазақстан облысы әкімдігі орманшы мамандығы бойынша білім грантының санын көбейткен. Нақтырақ айтқанда, Шығыс Қазақстанда 270 әкімдік гранты бөлінген. Оның ішінде Сәрсен Аманжолов атындағы ШҚУ-ға 117 грант бөлініп, оның 15-і болашақ орманшы мамандардың еншісіне тиген. Өйткені бұл сала бойынша өңірде маман тапшылығы бар.

Фото: видеодан алынған кадр/Құралай Алипина

Орманшы мамандығында оқитын студенттердің саны жыл санап артып келеді. Бұл салада мамандар жетіспегендіктен әкімдік грантына деген сұраныс артып отыр. Сол себепті грант көбірек бөлінді. Жалпы кез келген саладағы маман тапшылығының өзіндік себебі бар деп ойлаймын. Мен Катонқарағай өңірінің тумасымын. Әкем орманшы. Орманшылардың еңбекақысы соңғы бес жылда ғана біртіндеп көтерілді. Оның өзі өрттің күрт көбеюіне байланысты болды. Нақтырақ айтқанда, жалақының азыдығы бұл мамандыққа деген қызығушылықты тежеп отыр. Бұдан бөлек орманшы тек орманда жұмыс істейді деп ойлайтындар да бар. Бірақ бұл саланың мүмкіндігі кең. Түлектер диплом алған соң мемлекеттік мекемелерде, агроөнеркәсіп саласында, өнеркәсіп ұйымдарында ғылыми маман болып істей алады, – деді С.Аманжолов атындағы ШҚУ биология кафедрасының қауымдастырылған профессоры, PhD Құралай Алипина.

Иә, әсіресе шығыс өңірінде қызмет бастаймын деген жас маманға мүмкіндік көп. Өйткені Шығыс Қазақстан облысындағы орман қорының ауданы – 2,9 млн гектар, оның 1,6 млн гектары жасыл желекпен жабылған. Еліміздегі барлық ағаш қорының 40%-ы Шығыс Қазақстанда шоғырланған. Сондықтан өңірде орманшы мамандарды даярлаудың маңызы зор. Алайда мектеп түлектері бұл салаға барғысы келмейді. Оның көптеген мүмкіндігі бар екенін біле бермейтіндей.

700 МАМАН ЖЕТІСПЕЙДІ

Облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Мұрат Құсайынов қазір өңірде шамамен 700-дей орманшы жетіспейтінін айтады.

Облыстың орман қорын толыққанды қорғау үшін шамамен 1900 қызметкер қажет. Қазір іс жүзінде 1186 адам жұмыс істеп жатыр. Яғни, норматив бойынша орман шаруашылығында тағы 700-ге жуық қызметкер жетіспейді, – деді ол.

Басқарма басшысының айтуынша, қазір елімізде шекаралық аймақтарды дамытуға жіті назар аударылып отырғандықтан бірінші кезекте осы аудандарда кадр мәселесін шешуге басымдық берілген. Айталық, Зайсан, Марқакөл, Катонқарағай, Күршім аудандарының орман шаруашылықтарында маман жетіспеушілігі мәселесін шешу күн тәртібінде тұр.

Алайда жас орманшыларды даярлайтын оқу орындарының ғалымдары саладағы мәселе кадр тапшылығымен ғана шектелмейтінін айтады. Өйткені осы мамандықты оқып жатқан жастарға жұмыс беруші тарапынан жасалатын әлеуметтік жағдай маңызды.

МҰҒАЛІМ МЕН ДӘРІГЕРДІҢ ҚАТАРЫНДА ОРМАНШЫ НЕГЕ ЖОҚ?

Орманға қорған іздеген облыс әкімідігі болашақ мамандарға бөлінетін білім грантының санын көбейтті дедік. Қазір 200-ге тарта студент С.Аманжолов атындағы ШҚУ-да осы бағытта оқып жатыр. Жалпы, аталған салада білім алған студенттер үш бағытта – орман ресурстары, аңшылық тану және ара шаруашылығы бойынша жұмыс істей алады.

Десе де олардың қолы жетпейтін тағы бір мәселе бар. Елімізде көптеген жастың ауылға барып жұмыс істеуіне жол ашқан «Дипломмен ауылға» бағдарламасына орманшылар кірмейді.

Маман тапшылығын жою үшін жағдай жасау керек. Мысалы, орманшыларға басқа салалар сияқты «Дипломмен ауылға» бағдарламасымен жеңілдік қарастырылмаған. Қазір университетте оқып жатқан студенттердің көбі оңстүтік өңірлерден келген. Оларға баспана берілсе, жеңілдік жасалып, қолдау көрсетілсе, әлеуметтік пакетпен қамтамасыз етілсе осы салада еңбек ететін жастардың қатары көбейер еді. Қазір мұғалім, дәрігер сияқты мамандық иелеріне ауылдық жерде жұмыс істегені үшін әртүрлі қолдау-көмек көрсетіледі, осы қатарға орманшыларды да қосқан дұрыс, – деді Құралай Алипина.

Жастар қалаға ағылған заманда ауылды сақтап қалуға септігін тигізіп отырған тетіктің бірі осы – «Дипломмен ауылға». Бұл бағдарламаға орманшы жастардың қол жетсе ауылды да, орманды да қорғап қалар едік дейді ғалым.

Ел азамттарының табиғатқа деген сүйіспеншілігі, табиғи байлықты сақтап қалуға деген құлшынысы артар еді. Бұл саланы ғылыми тұрғыда зерттеп, зерделеймін деген маманға мүмкіндік туар еді. Өйткені қазір орманды өрттен ғана емес, адами фактордан, табиғи апаттан, климат өзгеруінің әсерінен ғылыми негізде қорғап қалу да өте маңызды.

Фото: Мерей Қайнарұлы/Самар орман шаруашылығы

Мен қазір климаттың өзгеруі кезіндегі орманның жай-күйін ғылыми негізде зерттеп жатырмын. Өскемен – антропогендік қала. Ондағы ағаштарға техногендік фактор қалай әсер етеді? Өнеркәсіп кәсіпорындарынан шыққан газ бен түтіннің жасыл желекке тигізер әсері қандай? Болашақта қандай ағаштар жойылып кетуі мүмкін? Міне, осындай тақырыптарды тереңірек зерттеу Өскемен секілді экологиялық проблемалары бар шаһарда өте маңызды. Орманшы мамандығын иеленген жастарға осындай қызықты әрі маңызды зерттеулер жүргізуге болады, – деді профессор.

Экологиясы ең басты мәселеге айналған Өскеменде ғылыми зерттеу жұмысын жүргізу қажет-ақ. Демек табиғатпен тамырлас мамандарды, жас ғалымдарды даярлау кезек күттірмейтін міндеттің бірі.

БҰҰ-ның құрлық экожүйесін сақтау мақсаты бар. Құрлық экожүйесін қорғау, қалпына келтіру және оларды тиімді пайдалануға жәрдемдесу, орман ресурстарын ұтымды пайдалану, шөлейттенуге қарсы күрес, жердің тозуы және биоалуандықты жоғалту үрдісін тоқтату сияқты игі бастамаларды іске асыруға Қазақстан да мүдделі.

Қазір климаттың күрт өзгеруі, ауа темперетурасының жоғарылауы көптеген өсімдік пен ағаш түрлерінің жоғалуына әсер етіп жатыр. Осыны орман ресурстары мамандығының түлектері зерттейді. Біз де ғаламдық мүддеге сай бай табиғатымыздың биоалуантүрлілігін сақтап қалуымыз керек, – деді Құралай Алипина.

ҚАУІПҚАТЕРГЕ БАС ТІГЕДІ

Шығыс Қазақстан облысы төтенше жағдайлар департаментінің мәліметіне сүйенсек, жыл басынан бері өңірде 33 орман өрті тіркелген. Ал тамызда үш ірі өрт болды. Соның бірі Асубұлақ орман шаруашылығы аумағында шықты. Тілсіз жаумен күреске күш құрылымдарынан 220-ға тарта адам, 43 техника жұмылдырылды. Жетуі қиын жерлердегі жалынды сөндіру үшін Төтенше жағдайлар министрлігі, облыс әкімдігі және ҰҚК-ның бес тікұшағы әуеден 288 тонна су төкті. Күннің қатты ысып кетуі, оқтын-оқтын жел соғуы орман өртімен күресті айтарлықтай қиындатты. Осындай қиын-қыстау кезде орманшылар да саптан табылып, жасыл желекті тілсіз жаудан қорғауға атсалысты.

Жалпы, орман өрті туралы сөз болғанда, көбіне жанып жатқан алқап, келтірілген шығын айтылады. Ал сол өрттің ортасына кіріп, оны ауыздықтауға тырысатын адамдар көп жағдайда назардан тыс қалады.

Фото: ШҚО ТЖД баспасөз қызметі

Орманшы болу – жай ғана ағаш қору емес. Жаздың аптабында атқа қонып, өрттің алдын аламыз, қауіпті учаскелерді бақылаймыз, өрт шыққан жағдайда бірінші болып хабарлаймыз, сол жерге жетеміз. Жалынды тоқтату үшін өмірімізді қатерге тігіп, әрекет етеміз, — дейді орманшы Ерболат Сақанов.

2023 жылы Семей орманындағы алапат өрт орманшылар еңбегінің қаншалықты қауіпті екенін көрсетті. Сол кезде табиғатты сақтап қалуға ұмтылған 14 орманшы тілсіз жаудан қаза тапты. Бұл орман қорғау қызметінің қаншалықты жоғары тәуекелмен байланысты екенін айғақтайтын ең ауыр мысалдардың бірі. Шынымен орманшының күнделікті еңбегі оңай емес. Мыңдаған гектарды алып жатқан жасыл желекті бақылау, өрт қаупін анықтау, заңсыз ағаш кесудің алдын алу, табиғи аумақтарды қорғау – көбіне табиғаттың ортасында, елді мекеннен жырақты атқарылады. Сондықтан олардың әлеуметтік жағдайы, еңбек қауіпсіздігі, техникалық жарақтандырылуы және еңбекақысы үнемі назарда болуы керек.

Орман өртіне дайындық туралы айтқанда, техника мен өрт сөндіру құралдарынан бөлек, орманшыны қорғау мәселесі де ескерілуге тиіс. Қызметкерге сапалы арнайы киім, байланыс құралдары, заманауи техника, медициналық және сақтандыру кепілдіктері, лайықты жалақы мен әлеуметтік қолдау берілуі – орман қауіпсіздігінің ажырамас бөлігі.

Ұқсас мақалалар

«Қонақкәде», нан мен тұз: ШҚО құтқарушылары әр ұлттың дәстүрін насихаттады

admin_tereze

Қойтастағы жер дауы: ауыл тұрғындарының талабы орындала ма?

redaktor_tereze

ШҚО-да демалыс орындарына апаратын жолдар жаппай жөнделіп жатыр

admin_tereze