TEREZE MEDIA сараптамалық-танымдық интернет-журналы
ЖаңалықтарЭкология

Өскемендегі көшеттер неге өліп жатыр?

Фото: Tereze media.kz

Алтай тауының етегі, Ертіс пен Үлбі өзендерінің жағасынан орын тепкен Өскеменнің жері құнарлы. Топырағы түрлі өсімдікке бай. Бірақ халқы қала ішіндегі жасыл желектің аздығы мен күтімінің кемшін екенін айтады. Әкімдік «көгалдандыру жоспарлы түрде дамып келе жатыр, ағаштардың жерсіну көрсеткіші жоғары» дейді. Дегенмен экологтар жоспардың орындалуына күмән келтіреді. 

АЛМА БАҒЫНЫҢ АҚЫРЫ

Зейнеткер Айтмұхамбет Қасымов үйіне жақын жердегі «Самал» саябағында жиі серуендейді. Кейінгі жылдары бақ ішіне отырғызылған алуан түрлі ағаш көшеттерінің бүршік жарғанын көріп, іштей сүйсініп жүретін. Бірақ биыл алма ағаштарының сабағын кеміргіштер кеміріп тастағанын көрген оның көңілі жабырқады. Әдеттегіше, алма ағашы аппақ болып гүл атып тұрған болар деп саябаққа саяхаттап барған, бірақ ойлағанындай болмады.

Фото: А.Қасымовтың жеке мұрағатынан/ардагер журналист А.Қасымов. 04.12.2022 ж.

«Самал» саябағы – өскемендіктердің суға шомылып, демалатын тамаша орындардың бірі. Қазір де абаттандырылып жатыр. Бірақ бір «әттеген-айы» көңілді қынжылтады. Осыдан төрт-бес жыл бұрын отырғызылып, жап-жақсы өсіп келе жатқан көлемді алма бағының көшеттерін кеміргіштер өткен қыста кеміріп тастапты. Ең сорақысы – биыл көктемде отырғызылған жүздеген терек, тал, қайың көшеттері суарылмағандықтан, сол отырғызылған қалыпында қурап, көзге күйік болып тұрғандығы, – деді ол.

Айтмұхамбет Қасымов – ардегер журналист. Қазір де қоғамдағы түйткілді жайттарға қатысты көзқарасын ашық білдіреді. Ол саябақтағы көшеттер туралы Facebook әлеуметтік желісінде мәселе көтерген, бірақ «Самалдың» жағдайы әлі мәз емес екенін айтады.

Фото: Tereze media.kz/»Самал» саябағындағы алма бағы

Әрбір сала басшылары өздеріне тапсырылған жұмыстарына жауапкершілікпен қараса, мұның бірі де болмас еді… Қураған көшеттер алғашында суарылған болуы керек, тіпті әрқайсы штакетниктерге байланып тұр, демек, жауапты мекеме бар, ал енді олар бастаған істерін соңына дейін жеткізбегені қалай? – деді Айтмұхамбет Қасымов. 

«Самал» саябағындағы алма бағы 2022 жылы пайда болған еді. Көшеттерді кәсіпкер Сергей Бродский әкеліп, қала тұрғындарымен бірге отырғызған. Бұл шаруаға Өскемен әкімдігі де ұйытқы болды. Алайда кейін халық саясында демалып, алма тереді деген жоспар іске аспады.

Алма бағы енді жоқ екенін айтуға мәжбүрмін. Ағаштардың 99%-ын кеміргіштер кеміріп тастаған сияқты. Қайта өсіп шықпасы анық. Төрт жылғы еңбек еш кетті, – деді Бродский өкініп.

Фото: Tereze media.kz/»Самал» саябағындағы алма бағы

Tereze media алма ағаштары мен биыл көктемде егілген көшеттер неге қурап қалғанын Өскемен әкімдігінен сұрады.

Отырғызылған ағаштардың бір бөлігі жерсінбеді. Кейбір көшеттерді қыста кеміргіштер зақымдады, – деп түсіндірді қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі басшысының орынбасары Марат Тұңғышбаев.

ҚЫРҚЫЛҒАН ҚАЙЫҢ, ҚУРАҒАН КӨШЕТ

Фото: Tereze media.kz/»Шешек» саябағы

Биыл жаздың басында ауа райы ыстық болды. Сынап бағанасы 38 градусқа дейін көтерілді. Жаңбыр да аз жауған. Жергілікті бұқаралық ақпарат құралдары қапырық ыстық кезінде көктемде отырғызылған көшеттердің жағдайы мәз емес деп дүркін-дүркін проблемалық мақала жазды. Мәселен, «Шешек» демалыс аймағында «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында егілген қарағай мен шыршаның бір бөлігі маусымның басында-ақ қурап қалды. Әсіресе, дөңестегі көшеттер қатты сарғайған.

Бұл жөнінде әлеуметтік желі қолданушылары да дабыл қаққаны белгілі. Олар жаңадан жасалып жатқан саябақтағы ағаштардың арасы тым жақын, өсе келе бір-бірінің дамуына кедергі болатынын айтты.

Дегенмен қала әкімдігі Шешек бағындағы көшеттерінің күтімі ойдағыдай, жерсініп, қалыпты өсіп келеді дейді.

Көшеттердің тамыр жаю көрсеткіші – 98%. Жерсіну кезеңінен өте алмаған көшеттер ауыстырылады. «Шешек» демалыс аймағы аумағындағы жасыл желектерді тамшылатып суарамыз. Суару, топырақты күту және көшеттердің жағдайын бақылау жүйелі түрде жүргізіліп тұрады. Жағдай тұрақты бақылауда, – деді қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі басшысының орынбасары Марат Тұңғышбаев Tereze media интернет-журналына.

Фото: Tereze media.kz/»Шешек» саябағы

Спорт сарайының артында, Үлбі өзенінің жағалауында егілген ағаштардың жағдайы да журналистер назарын аударды. Устинка Live сайтының жазуынша, Былтыр жағалауға сирек кездесетін ағаштар отырғызылған. Алайда олардың басым бөлігі тамыр жая алмаған. Сонымен бірге басылым көгал да ерте сарғайып кеткен дейді.

Өскемен әкімдігі бұл жағалаудағы жасыл желектің де жағдайы мүшкіл дегенмен келіспейді. Автоматты жүйемен уақтылы суарылып тұрады деп хабарлады.

Қала ауасын тазартып, халықты ыстықтан қорғайтын ағаштар бір жерде өспей қалса, екінші жерде қолдан кесіліп жатыр.

Биыл сәуір айында Шәкәрім даңғылындағы амбулаториялық орталықтың ауласында өсіп тұрған қайыңдар кесілгені тұрғындардың назарын аударды. Ауладағы ағаштардың бұтағы толық қырқылып, тек сорайған діңі қалған еді. Кесілген қайыңдардың қабығынан бойындағы шырыны ағып, ағаштар жылағандай әсер қалдырды. Әлеуметтік желі қолданушылары емхана қызметкерлерінің әрекетін шектен шыққандық деп бағалап, дабыл қақты.

Құзырлы органдардың реакциясы көп күттірмеді. Шығыс Қазақстан облыстық полиция департаменті емханаға айыппұл салған.

«Жасыл желекті күтіп-ұстау және қорғау қағидаларын бұзу» бабы бойынша, айыппұл салынды. Бір миллион теңгеден астам айыппұл қарастырылған. Медицина мекемесінің басшылығымен профилактикалық түсіндіру жұмысы жүргізілді, – деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметі.

СӘТСІЗ МЫСАЛ НЕГЕ КӨП?

Өскеменде түрлі экологиялық акциялар аясында мемлекетке қарасты мекемелердің мыңдаған қызметкері жыл сайын көгалдандыру жұмысына ерікті түрде қатысады. Алайда сол көшеттер отырғызылған кейбір жер әлі ашық алаң. Мысалы, 2016 жылдан бастап бірнеше жыл қатарынан «Халық орманы» деген акция жүргізілді. Оның аясында қаладағы «Қазақстан» тауының етегінде кемі 3000 түп көшет егілді. Бірақ көшеттер әлі «орманға» айнала алмай-ақ келеді.

Фото: ШҚО әкімінің баспасөз қызметі/27.04.2024 ж.

Tereze media сайты мұндай сәтсіз мысалдар неге көп екенін қала әкімдігінен сұрап көрді. Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі көшеттердің жерсінбегені – ішінара жағдай, ал жалпы ахуал тұрақты деді.

Жергілікті бюджет қаражаты есебінен 2025 жылы 780 мың гүл көшеттері отырғызылды. Көгалдандыру акциясы аясында қала аумағында 2024 жылы 23 214 дана ағаш пен бұта көшеті, 2025 жылы — 6 545 көшет, ал 2026 жылы — 8 970 дана жапырақты және қылқанжапырақты ағаш көшеті отырғызылды. Жасыл желектерді Өскемен қаласының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі есепке алады. Егілген соң жасыл желектердің жай-күйіне мониторинг жүргізіледі, ал жекелеген көшеттер жерсінбей қалған жағдайда олар ауыстырылады, – деді бөлім басшысының орынбасары Марат Тұңғышбаев.

Табиғат жанашырлары мәселенің төркіні арыда жатыр дейді. Эколог Дәулет Асанов мұның себебін қаланың дендрологиялық жоспары болмағанымен байланыстырады.

Егер әкімдікте дендрологиялық жоспар болса, қай аумақты көгалдандыру керек, қай жерде жұмыс кемшін екенін жақсы біліп отырар еді. Қазір кейбір ағаш кесілген жерлердің орынына көшет отырғызбай кетеді, – деді ол.

Биолог Құралай Әліпина да көшет отырғызу керек деп еге беруге болмайды, ғылыми зерттеу жүргізіп, оңай жерсінетін ағаш түрлерін таңдаған абзал екенін айтады.

Біз өндірісті қалада тұрамыз. Демек, әуелі қандай ағаштардың техногендік әсерге шыдамды екенін анықтап алу керек. Содан кейін тиісті ағаш түрлерін еккен дұрыс. Бұл жақсы нәтиже береді деп ойлаймын, – деді ол.

Ұқсас мақалалар

ШҚО-да сәндік-қолданбалы өнер бұйымдарының халықаралық фестивалі өтеді

admin_tereze

Шығыста орман алқабын дрондар бақылайды

admin_tereze

ШҚО-да демалыс орындарына апаратын жолдар жаппай жөнделіп жатыр

admin_tereze