TEREZE MEDIA сараптамалық-танымдық интернет-журналы
ТанымТарих

Алтайдың таңбалы шежіресі: «Берел» музей-қорығы ауқымды ғылыми жобаны аяқтады

Алтайдың таңбалы шежіресі: «Берел» музей-қорығы ауқымды ғылыми жобаны аяқтады

«Берел» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығы 2023–2025 жылдар аралығында «Қазақ Алтайының ерте темір дәуірі мәдениетіндегі белгілер жүйесі» атты іргелі ғылыми-зерттеу жобасын табысты жүзеге асырды. Жоба музейдің жетекші ғылыми қызметкері, PhD докторы  Самат Самашевтің ғылыми жетекшілігімен жүргізілді, деп хабарлайды F16.kz.

Аталған зерттеу Алтай өңірін мекендеген ежелгі көшпелілерден қалған таңба-белгілердің мән-мағынасын ашуға бағытталды. Зерттеу барысында Шығыс Қазақстан аумағындағы археологиялық ескерткіштерде бейнеленген көне белгілер анықталып, жүйеленіп, олардың семантикалық және мәдени маңызы жан-жақты талданды. Сонымен қатар археологиялық нысандарды заманауи технологиялар арқылы цифрландыру жұмыстары жүргізілді.

Фото: автордікі/Белқарағай петроглифтері

Жоба аясында Ұлан, Тарбағатай, Катонқарағай және Күршім аудандарындағы 27 археологиялық ескерткіш зерттелді. Барлық нысандардың географиялық координаттары WGS-84 жүйесі бойынша тіркеліп, 3D фотограмметриялық үлгілері жасалды. Әрбір ескерткіште кездесетін таңбалардың морфологиялық және семантикалық ерекшеліктері анықталды.

Ғалымдардың айтуынша, бұл белгілер жай ғана сурет емес, ежелгі қоғамның рухани өмірін, дүниетанымын және әлеуметтік құрылымын бейнелейтін маңызды мәдени дереккөз болып есептеледі. Таңбалар арқылы сол дәуірдің наным-сенім жүйесі мен қоғамдық қатынастары жөнінде құнды мәліметтер алуға мүмкіндік туды.

Зерттеу нәтижесінде қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде электронды деректер базасы жасалды. Сонымен қатар «Қазақ Алтайы ежелгі көшпелілерінің белгілер жүйесін зерттеу бойынша әдістемелік ұсыным» әзірленіп, авторлық куәлікпен тіркелді.

Фото: автордікі/Жамбыл ауылы маңындағы петроглифтер

Жоба барысында «Берел» музей-қорығының ғылыми қызметкерлері Түркия, Ресей және Моңғолия елдеріндегі әріптестерімен тәжірибе алмасып, халықаралық ғылыми байланыс орнатты. Зерттеу нәтижелері шетелдік ғылыми конференцияларда таныстырылды.

Жоба көне таңбаларды археологиялық, иконографиялық және семиотикалық тұрғыда кешенді зерттеуге мүмкіндік берді. Соның нәтижесінде Қазақ Алтайының көне мәдениеті жаңа қырынан танылып, тарихи мұраны цифрлы форматта жаңғыртуға жол ашылды.

«Берел» музей-қорығы жүзеге асырған бұл ғылыми бағдарлама өңір археологиясының дамуына, мәдени мұраны сақтау мен насихаттауға елеулі үлес қосты. Алтайдың қасиетті таулары мен аңғарларында сақталған көне таңбалар бүгінде халқымыздың бай тарихи мұрасының ажырамас бөлігі ретінде ғылым мен мәдениеттің тоғысында жаңа өмірге ие болуда.

Жанар Елемесова,
«Берел» музей-қорығының
ғылыми-зерттеу бөлімінің қызметкері

Ұқсас мақалалар

«Алтай — түркі әлемінің алтын бесігі» фестивалі Қазақстанның мәдени-туристік іс-шаралар күнтізбесіне енгізілді

admin_tereze

Криптонарық бақылауда: 1 мамырдан бастап не өзгереді?

admin_tereze