TEREZE MEDIA сараптамалық-танымдық интернет-журналы
ЖаңалықтарМәдениет

Алтайда ақындарды алалай ма: фестиваль алдындағы дау-дамай

Фото: Т.Шаяхмет/Алтай -түркі әлемінің алтын бесігі. 14.06.2025 ж.

Өскеменде тұратын ақын Дәулетберді Жекей жыл сайын Катонқарағай ауданында өткізіліп келе жатқан поэзия фестиваліне іріктеу жүргізілмеді, ескі тізімдегілер өтіп кетті дегенді айтып, Facebook желісінде мәселе көтерді. Осыдан кейін басқа бірнеше ақын ұқсас жазба жариялап, дабыл қақты. Ал іс-шараны ұйымдастыратын Мәдениет басқармасының басшысы Самат Қасенов “бір қарын майды бір құмалақ шірітеді” деп, ақындарды орынсыз дау-дамай шығармауға шақырды.

Фото: d.uletberdi.zekej/суретте Д.Жекей

Өскемендегі әдеби орта біртіндеп өгей көріп барады. Өзіміз қазанында қайнап өскен Өскеменнің әдеби ортасы “қорадағы төбелесіміз” – Катонқарағайда өтетін “Алтай – түркі әлемінің алтын бесігі” фестивалі аясындағы поэзия кешіне Бағжан Елсінбекқызы екеуімізді биыл екінші рет тізімге қоспай қойды. Бір үйдегі екі ақын Дана Исағұлқызы екеумізді алғашқыда тап бір некелі болғанымыз үшін кінәлі жандай бірімізді қосса бірімізді қоспай жүретін, биыл екеумізді қатар алып тастапты. Алғашқы жоспар-жобада бірің барсың деген тізім жасаушы үлкендеріміз соңғы сәтте неге қосылмай қалғанымызды бір ауыз түсіндірмейді де, жауап та бермейді. Жыл сайын жаңармас бір тізіммен өткізіп жатыр, – деп жазды Дәулетберді Жекей Facebook әлеуметтік желісіндегі жазбасында.

Әңгіме облыс билігі дәстүрге айналдырған “Алтай – түркі әлемінің алтын бесігі” деп аталатын имидждік жоба туралы. Ол Катонқарағайға туристер тарту мақсатында ұйымдастырылатыны айтылады. Іс-шара концерт, айтыс және жыр кеші түрінде өтеді. Bizdin Oskemen паблигінің жазуынша, айтыстың бас жүлдесіне автокөлік тігілген. Әнші мен бишілердің қаламақысы құпия. Ал жазба ақындардың бәріне белгіленген бір сомада қаражат беріледі. Қанша теңге екені ашық айтылмады. Былтыр адам басына 500 мың теңгеден айналған. Поэзия бөлімінде 16 ақын өлең оқиды. Қатысушылардың жартысы – Шығыс Қазақстаннан, қалғаны әртүрлі облыстан. Мәдениет басқармасының ақпаратына қарасақ, поэзия бағыты бойынша қаржылай шығындарды Катонқарағайда жасаған ақын Ақтан Нұрбаевтың ұрпақтары көтеріп алмақ. Сондықтан жыр кеші “Ақтанымын Алтайдың” деп аталады.

Дәулетберді Жекейдің айтуы бойынша, облыс ішіндегі ақындарға бөлінген сегіз орынға іріктеу “әділ” өткізілмейді, үнемі тізімдегі ақындар қайталанады.

Оның сөзін өзге де жергілікті қаламгерлер қуаттап, қатыса алмай жүргендерін айтты.

Ақын Бақжан Елсінбекқызы “Таразының бір басында – қалам, екіншісінде кілт тұр. Кілті барлар кіреді, қаламы барлар… есіктен сығалап тұрады” деп астарлады. Құндыз Тасқынбекқызы “мен де сыртта қалып жүрмін” деп қостайды. Тағы бір қаламгер Тәттімбек Асхан “екі жыл қатарынан шеттелгенін” жазып, кейін онысын өшіріп тастады. Неге жойғанын түсіндірген жоқ. Тәттімбек Асхан мәселені індетіп Мәдениет басқармасына сұрау салғанын, олар ақынды таңдайтын біз емес деп, Жазушылар одағының ШҚО-дағы филиалына жөн сілтегенін айтқан.

Tereze media даудың ұшына жету үшін мәдениет басқармасының басшысына сұрақ қойды.

Фото: ШҚО өңірлік коммуникациялар қызметі/суретте С.Қасенов

Бір қарын майды бір құмалақ шірітеді. Біз былтырдан бері поэзия бағытының дәрежесін көтердік. Аспан астында өтеді. Алаудың алдында өлең оқуды республикада ешкім ұйымдастырған емес. Оны Алтайдың етегінде өткізуді журналист, ақын Олжас Керейхан ұсынып еді, – деді облыстық мәдениет басқармасының басшысы Самат Қасенов фестивальді ұйымдастыруға қатысты арнайы өткізілген баспасөз мәслихатында.

Оның айтуынша, дабыра айтып, шу шығаратындай мәселе жоқ.

Негізгі айтылып жатқаны мынау: “неге жыл сайын бір тізімдегі ақындар қатыса береді?” дейді. Біз Жазушылар одағының шығыстағы филиалын басқаратын Әлібек Қаңтарбаев ағамызбен ақылдасқанбыз. Ол кісі өз тізімін берген. Басында ШҚО-дан 15 ақын ұсынды. Бірақ биыл 16 ақын қатыстырайық, сегізін облыстан, сегізін республиканың түкпір-түкпірінен шақырайық деп шешім қабылдадық. Республикадан былтырғы қатысқан ақындар емес, басқалары келеді. Әлеуметтік желіде жазба қалдырған ақынның әйелі Дана Исағұлқызы былтыр оған барғаны белгілі. Жалпы екеуі облыстағы басқа іс-шараларға қатысып жүр, – деді Қасенов.

Сонымен жазба ақындардың кешіне қатысатындарды басқарма мен Жазушылар одағының филиалы өзара келісіп анықтағаны мәлім болды. Ал мәселе қозғаған ақындар мемлекет ұйытқы болып отырған кешке қатысуға әркімнің-ақ таласы бар деп, ашық іріктеу өткізуге шақырды.

“Алтай – түркі әлемінің алтын бесігі” фестивалі 10-12 шілде аралығында Катонқарағай ауданында болады. Оны көруге ауданға бірнеше мың қонақ барады деп күтіліп отыр. Аудан басшылығы қонақүй, тігілетін шатыр мен киіз үйлерді қосқанда 30000 адамға орын бар екенін айтады. Фестивальдің басты хедлайнері ретінде әнші Димаш Құдайберген шақырылған. Одан бөлек Әзербайжан, Венгрия, Қырғызстан, Өзбекстан, Түркия, Қарақалпақстан, Башқұртстан, Тыва Республикасы және Моңғолиядан өнерпаздар келмек.

Ұқсас мақалалар

ШҚО-да демалыс орындарына апаратын жолдар жаппай жөнделіп жатыр

admin_tereze

«Шаңырақ» қайда қалады: Риддер тұрғындары жаңа қазақ мектебінің атауына алаңдап отыр

redaktor_tereze

ШҚО-да ерекше білім беру қажеттілігі бар балалар көбейді. Оған не себеп?

redaktor_tereze