Жаңа Конституция күшіне енген соң Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев пен елдегі басқа да бірқатар лауазымды тұлға қайта сайлана немесе тағайындала алады. Бұл туралы Конституциялық Сот мәлім етті, деп жазады Terezemedia.kz интернет-журналы.
Конституциялық Сот Президенттің сұрауымен елдегі ең маңызды заң талаптарын түсіндіріп берді. Енді 2026 жылғы 1 шілдеде күшіне енген жаңа Конституция бойынша, бұрын жоғары лауазымды қызмет атқарған шенеуніктер мен судьялардың мерзімі «таза парақтан» бастап есептеледі.
МӘСЕЛЕ НЕДЕН ШЫҚТЫ?
Биыл наурызда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Конституциялық Сотқа сұрау салған болатын. Сауалдың қысқаша мәні мынау: «Бұрын, яғни 1995 жылғы ескі заң бойынша жоғары қызметте істеген адамдар жаңа заң аясында қайтадан сол лауазымдарға (мысалы, судья немесе басқа да маңызды орындарға) сайлана ала ма?»
Себебі, заң бойынша бір адам бір қызметті белгілі бір мерзімнен артық атқара алмайды деген шектеулер бар. Сондықтан ескі мерзімдер есепке алына ма, жоқ па деген сұрақ туындаған.
КОНСТИТУЦИЯЛЫҚ СОТТЫҢ ЖАУАБЫ ҚАНДАЙ?
Президенттің өтінішін қарау қорытындысы бойынша Конституциялық Сот ресми түсіндіру берді: 2026 жылғы Конституцияның 43-бабының 1-тармағын, 72-бабының 2 және 3-тармақтарын, 83-бабының 1-тармағын және 84-бабының 3-тармағын осы конституциялық нормаларда аталған лауазымдарды 1995 жылғы Конституцияға сәйкес атқарып жүрген адамдар 2026 жылғы Конституция күшіне енгеннен кейін тиісті қызметке сайлануы не лауазымға тағайындалуы мүмкін деп түсіну керек.
Аталған конституциялық нормаларда белгіленген шектеулерді қолдану мақсаты тұрғысынан мұндай адамдардың 2026 жылғы Конституция күшіне енгеннен кейін тиісті қызметке сайлануы не лауазымға тағайындалуы алғаш рет сайлану не тағайындалу деп есептеледі, деп түсіндірді Конституциялық Сот.
Яғни, 1995 жылғы ескі Конституция кезінде адамның қанша жыл қызмет еткені жаңа заң бойынша есепке алынбайды. Азаматтардың бұрын сол қызметтерді атқарғаны олардың жаңа жүйеде қайта сайлануына немесе тағайындалуына кедергі емес.
Соттың ресми қаулысына сүйенсек, жаңа Конституция күшіне енгеннен кейін ескі кадрлардың қайта сайлануы немесе тағайындалуы алғашқы болып есептеледі. Заң алдында аталған тұлғалардың қызмет мерзімі нөлден басталды.
Жоғарыда аталған лауазымды қызметтер Президент, Конституциялық сот төрағасы, Жоғарғы сот төрағасы және Бас прокурорға қатысты екенін еске сала кетейік.
