Қойтас ауылының тұрғындары малдың өрісі тарылғанын айтып, дабыл қақты. Бірнеше жылдан бері жергілікті биліктің табалдырығын тоздырып, еш нәтиже шығара алмаған қарапайым халықтың ендігі үміті – Президент. Редакциямызға хабарласқан шалғайдағы ағайын жанайқайын жоғарыға жеткізуді сұрады.

Шығыс Қазақстан облысы, Күршім ауданы, Қойтас ауылында елуге жуық шаңырақ түтін түтетіп отыр. Халықтың негізгі кәсібі – мал шаруашылығы. Әлмисақтан солай. Өйткені бұл өлкеде егін егіп, бақша салып, барақат табу қиын. Жер жағдайы, климаты егіншілікпен ден қойып айналысуға қолайсыз.
Төрт түлікпен жан баққан қойтастықтардың кейінгі кезде мазасы кете бастады. Жұртты алаңдатқан мәселе – ауыл іргесіндегі жердің қоршалуы.
Осыдан он шақты жыл бұрын ауылымыздың үш жағын (батыс, шығыс, солтүстік – ред.) бір кісіге егіндік және жайылым жер деп сызып беріпті. Содан бері ол жерге ештеңе істелмеген, биыл көктемнен қоршай бастады. Тіпті шеткі үйдің бақшасы қоршаудың ішіне кіріп кеткен. Таудан шөп таситын жол да жекеменшік аумақта жатыр. Ендігі біздің талап – қоршауды ары қарай шегіндірсе, ауылдың малы жайылатын жер қалдырса, – деді жергілікті тұрғын Беглан Ареков.
Қойтастың байырғы тұрғыны, зейнеткер Еркеш Салқынбаев үйір жылқы тұрмақ, қозы-лақ жайылатын тоқымдай жер қалмағанына қапалы.
Бұзауларды қамап отырмыз. Жалғыз бұзау емес, қой, сиырымыз бар. Оларды қайда жаямыз?! Өрісіміз тарылып қалды. Туған жеріміз осы, қайда барамыз? Малмен жан бағып отырмыз. Бала-шағамыз, немере-шөбереміз бар дегендей. Бұл дұрыс емес, ауылдың іргесіне дейін тіреп неге жер береді? Жауапты орындар мәселенің заңдылығын тексеріп, жерімізді қайтарып берсін, – деді зейнеткер.

Жарты ғасырдан астам уақыт Қойтаста тұрып келе жатқан Айгүл Нұрахметова бүкіл ауылды сарсаңға салған жер мәселесінен жергілікті билік хабардар екенін айтты.
Үйім міне, ал қоршаудың қазығы әне тұр (арасы 50 метр – ред.). Сонда малды қайда жаямыз? Округ, аудан әкімдеріне шағым түсірдік. Облыс басшылығына да жеткіздік. Ешқандай нәтиже шықпады. Енді амал жоқ, Президенттен көмек сұрауға мәжбүрміз, – деді қария.
Үйі қоршаудың дәл түбінде қалған Әділет Рымбекұлы егіншілік мақсатта берілген телімге кейінгі 20 жылдан бері бір түйір дән себілмегенін айтты. Сөйте тұра игерілмей бос жатқан жер мемлекет меншігіне қайтарылмаған.
Кәсіпкер жерді заңды жолмен алдым дейді. Алса алған шығар. Бірақ Жер кодексінде жекеменшік иелікке берілетін телім ауылдан белгілі бір қашықта болуы керек деген норма бар. Ал мына жағдайда ол талап сақталмаған. Бұл – бір. Екіншіден, жерді егін салу үшін алған екен. Сонда 10 жылдан бері не бітірді? Жер жыртып, дән еккенін көрмедік. Көп жыл пайдаланылмай жатқан телім неге мемлекет меншігіне қайтарылмаған?! – деді Әділет Рымбекұлы.
Көптің көкейіндегі бұл сұрақты Күршім ауданының әкімдігіне жолдадық.
Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік кодексіне және жер заңнамасына сәйкес жер учаскелерінің нысаналы мақсаты бойынша пайдаланылуына тексеру жүргізу Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің Жер ресурстарын басқару комитетінің аумақтық бөлімшелері жүзеге асырады. Аудан әкімдігі жер учаскелерін тексеру функцияларын жүзеге асырмайды. Сонымен қатар жердің пайдаланылуына қатысты мәселелер бойынша уәкілетті мемлекеттік органдарға тиісті ақпарат жолдау және заңнама шеңберінде өз құзыреті шегінде жұмыстар жүргізу жалғасатын болады.
Қазіргі уақытта аталған жер учаскесін мемлекет меншігіне қайтаруға құқықтық негіз анықталған жоқ. Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жер учаскесінің нысаналы мақсаты бойынша пайдаланылмауы немесе жер заңнамасының өзге де талаптарының бұзылуы уәкілетті мемлекеттік органның тексеруі барысында расталған жағдайда, заңда белгіленген тәртіппен жер пайдаланушыға тиісті нұсқама беріледі. Белгіленген мерзімде заң бұзу жойылмаған жағдайда жер учаскесін мемлекет меншігіне қайтару мәселесі қолданыстағы заңнамаға сәйкес қаралатын болады, – деп жауап берді редакция жолдаған сауалхатқа Күршім ауданы әкімінің орынбасары Алмас Ижимов.
Сонымен қатар аудан әкімінің орынбасары «Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың игерілмеген жерді қайтару жөніндегі тапсырмасы аясында осы учаскеге қатысты қандай жұмыс жүргізілді?» деген сұраққа былай деді: – Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың пайдаланылмай жатқан және заң талаптарын бұза отырып пайдаланылып отырған ауыл шаруашылығы жерлерін мемлекет меншігіне қайтару жөніндегі тапсырмасын іске асыру аясында аудан аумағындағы ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерге тұрақты түрде талдау және зерделеу жұмыстары жүргізілуде. Аталған жер учаскесіне қатысты да заңнамада белгіленген тәртіппен тиісті жұмыстар жалғасатын болады.

Аудан әкімінің орынбасары Қойтастың іргесіндегі қоршалған аумаққа талдау және зерделеу жұмыстары жүргізілген-жүргізілмегенін нақты айтпады, тек ол жер «ДЕЕН» ЖШС-ға ауыл шаруашылығы мақсатында берілгенін жеткізді.
Аталған жер учаскесінің жалпы ауданы 140 гектар, оның ішінде: 133,5 гектар егістік, 4 гектар шабындық, 2 гектар жайылым, 0,5 гектар басқа жер (49 жылға дейін жалға алу құқығының жалпы құны – 1 425 000 теңге), Қойтас ауылынан оңтүстік-батысқа қарай 0,3 шақырым жерде орналасқан. Жер учаскесі Күршім ауданы әкімдігінің 2017 жылғы 12 желтоқсандағы №378 қаулысымен «ДЕЕН» ЖШС-ға қолданыстағы жер заңнамасына сәйкес, ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер ретінде ауыл шаруашылығы өндірісін жүргізу үшін табысталған, – деді Алмас Ижимов.
Бұл мақала беттеліп жатқанда Қойтастан тағы бір жағымды хабар жетті. Ауыл халқының жанайқайы әлеуметтік желіге тарап, қоғамдық резонанс тудырғаннан кейін жерді жекеменшікке алған «ДЕЕН» ЖШС басшылығы тұрғындармен кездесіп, мәмілеге келуге ниетті екендігін жеткізді.
Сонымен қатар біздің редакция жауапты органдарға «елді мекен маңындағы жер жекеменшікке берілген кезде тиісті заңнама талаптары бұзылған жоқ па, 10 жылға жуық игерілмей жатқан егістік алқап не себепті мемлекет меншігіне қайтарылмады?» деген сауал жолдады. Алдағы уақытта Tereze media Қойтастағы жер мәселесін жіті назарда ұстап, мемлекеттік органдардан келген жауапты қосымша жариялайтын болады.
