TEREZE MEDIA сараптамалық-танымдық интернет-журналы
ЖаңалықтарЭкология

Өскемендегі Студенттер аллеясы радиациямен ластанған аумаққа салына ма?

Фото: Tereze media

Биыл Өскеменнің бірнеше жерінде серуендеуге арналған демалыс орындары жөнделіп, жаңа саябақтар салынбақ. Соның ішінде Дәулет Серікбаев атындағы техникалық университет пен Сәрсен Аманжолов атындағы жоғарғы оқу орнының ортасына Студенттер аллеясын салу жоспарланған. Алайда экологтар бұл маңайда өткен ғасырдың орта шенінде радиация қалдығы төгілгенін еске салып отыр. Мұндай аумақты қоғамдық орынға айналдыру қаншалықты қауіпті немесе қауіпсіз?

АБАТТАНДЫРУ

Фото: Өскемен қаласы әкімінің баспасөз қызметі/А.Ақышов/03.04.2025 ж.

Жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарының жазуынша, қаланы абаттандыру жұмысы ауқымды істеліп жатыр. Мысалы, Славский жағалауындағы «Сәулетай» саябағы жаңғыртылып, Ертіс өзенінің бойындағы Амфитеатрға стационарлық сахна қойылады. Спорт сарайынан Назарбаев даңғылы бойымен Ушанов алаңына дейінгі аралыққа созылып жатқан гүлзар да жөндеуден өткізіледі.

Осы жұмыстардың қатарында Студенттер аллеясы да бар екенін Өскемен әкімі Алмат Ақышов айтқан.

Студент көп, ал сейіл құратын жер аз. Жобаға сәйкес заманауи демалыс аймағы, жаяу жүргіншілер тротуарлары болады. Көгалдандыру, жарықтандыру және шағын сәулет нысандарын орнату қарастырылған, – деген еді шаһар басшысы.

Yk.kz сайтының жазуынша, аллея көпқабатты үйлердің ауласы, аялдама маңайы және бір кезде Комендантка өзені деп аталған, кейіннен суы тартылып қалған арнаның бойын қамтиды.

Бұл айтылған жерде қазір құрылыс жүріп жатыр. Жергілікті бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желідегі танымал парақшалар мұны «Студенттер аллеясы» деп атайды. Бірақ Өскемен тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі Tereze media редакциясына оны «ағымдағы жөндеу» деп таныстырды. Жауапты органның мәліметінше, ол жерде тротуарлар ауыстырылады.

Қазір ағымдағы жөндеу жүргізіліп жатыр. Жаңа құрылыс жүргізу немесе аумақтың функционалдық мақсатын өзгерту көзделмейді, сондықтан экологиялық келісім алу қажеттілігі жоқ, – деп жазды мемлекеттік мекеме.

РАДИАЦИЯ ҚАЛДЫҒЫ ЖӘНЕ ОНЫ ТАЗАРТУ

Фото: Tereze media/Комендантка өзенінің арнасы

Комендантка дегеннен шығады. Осы өзеннің арнасы және Шығыс Қазақстан техникалық университеті орналасқан аумақтың маңайына өткен ғасырдың 40-50-жылдары радиация қалдықтары төгілген.

1940-1950 жылдары Қалба жотасы мен Өскемен қаласы төңірегінде «Калбаолово» деген кен байыту фабрикасы жұмыс істеген. Кәсіпорын Кеңес одағының атом бағдарламасы және қорғаныс өнеркәсібіне қажетті сирек кездесетін металдар мен қалайы өндіріп, өңдеді. Белгілі эколог Геннадий Корешковтың айтуынша, фабрика Потанин көшесінің бойында орналасқан. Кәсіпорынның өңдеуден кейінгі радиоактивті қалдықтары жоғарыда айтылған жерлерде қалған.

Бұрынғы заманда адамдар экологияға жөнді назар салмаған ғой, сондықтан қалдықтар Комендантка өзені арнасы, Самал саябағы мен Ертіс маңайына тасталған, – деді Корешков.

Маман «мұның ең қауіптісі сол, тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандар қалдық орындарына тым жақын орналасқан» дейді. Экологтың айтуынша, қалада әлі күнге ядромен байланысты жұмыс істейтін Үлбі металлургия зауыты сынды кәсіпорындар тұрғанда, бұл мәселе күн тәртібінен түспейді.

Айтса айтқандай, Өскемен билігі радиация қалдығын әлі күнге толық тазалап біткен жоқ. 2000 жылдардың басында қала аумағында 200-ден астам сәулелену нүктесі бары анықталған. Ластанған жерлер Комендантка, университет аумағымен шектелмейді. Кейін біршамасы тазартылды.

Мысалы, 2006 жылы Бабкина Мельница ауданындағы Отдельная көшесінен радиоактивті топырақ шығарылды. 2007 жылы Нефтебаза ауданындағы Попов көшесінде орналасқан жеке үйдің бақшасы радиациядан тазартылды. 2008 жылы Политехникалық колледж ауданындағы телімді дезактивациялау жұмысы жүргізілді. 2009 жылы Новаторов және Питер Коммунарлары (қазір Лев Толстой) көшелеріндегі №6 және №8 үйлер арасындағы тұрғын аймақта анықталған радиоактивті ластану ошағын жою жұмыстары аяқталды, яғни 70 текше метр радиоактивті топырақ пен қалдық арнайы қоймаға тасымалданып, жер рекультиацияланған. 2011 жылы бірінші қалалық аурухана ауданында анықталған радиоактивті ластану ошағын дезактивациялау және жою жұмыстары орындалды. 2012 жылы Новаторов көшесіндегі №8 үйдің жанындағы көгалдағы радиоактивті ластану ошағы дезактивацияланды.

ЖОҒАРҒЫ СОТТЫҢ ШЕШІМІ ЖӘНЕ ЗАҢГЕР ТАЛАБЫ

Фото: Tereze media/Студенттер аллеясы салынады деген жер.

Алайда бұқаралық ақпарат құралдары радиациядан тазарту кейінгі жылдары баяулап қалғанын жиі мәселе етіп көтереді. Қазір қай нүктелерде радиация сәулесі бар екені жөнінде жария ақпарат жоқ. Қалада тұратын заңгер Алексей Божков бірнеше жылдан бері қаупті жерлерді белгілеуді талап етіп, билікпен соттасып келді.

2023 жылы оның арызын Жоғарғы сот негізді деп тауып, қала әкімдігін қауіпті жерлерді тазарту жоспарын түзіп, радиация қаупі бар аумақтарға белгі орнатуды міндеттеген. Әкімдік бұл жұмыспен әлі айналысып жатыр. Қауіпті аймақтар туралы ескерту әзірге жарияланған жоқ.

Божков соттасып жатқан уақытта Комендантка арнасының біршама бөлігіне тағы бір аллея салынып үлгерген болатын. Нақтырақ айтсақ, политехникалық колледжге жақын аумақта бой түзейді.

Радиобелсенді дақтар көп ауданда адам қарасы да мол. Шын мәнінде мұндағы радиация сәулесі зиян ба, жоқ па оны білмейміз. Осы қалада балаларым өсіп жатыр, туыстарым бар. Өзім де осында тұрамын. Ал радиоактивті дақ көлемі қанша аумаққа жайылғанын білмеймін. Ертең біреу құрылыс жүргізіп, қауіпті жерді қопарып алса не болады? Сондықтан біз радиация ластаған жерлерді анықтап, бұқаралық ақпарат құралдары арқылы халыққа қай жер ластанды, радиация сәулесі қандай, ол маңда жүруге бола ма немесе қауіпті ме, ол жерде шаруашылықпен айналысуға бола ма, жоқ па — міне, осындай ақпаратты жеткізуді мақсат еткенбіз. Яғни, ақпаратқа қол жеткізу туралы заңда көрсетілген мәліметтерді білгіміз келген, – деді Божков.

ЭКОЛОГТЫҢ САҚТАНДЫРУЫ

Фото: видеодан алынған кадр/Р.Честных

Tereze media тілшісі қаланың экологиялық проблемаларын жиі қозғайтын маман Роман Честныхпен сөйлесті. Ол Комендантка өзені мен Шығыс Қазақстан техникалық университеті ауданында жаңа жоба болсын, «ағымдағы жөндеу» болсын – кез келген құрылыс жұмысын жүргізгенде аса сақ болу керегін айтты.

Студенттер қалашығында радиоактивті дақтардың бар екенін ешкім жоққа шығармағанымен, нақты шекарасы қай аралықта екенін көрсететін ашық ақпарат жоқ. Студенттер қалашығы ауданында топырақты қопара отырып істелетін кез келген жұмыс кезінде адамдардың денсаулығы үшін қауіпсіздік шаралары сақталуға тиіс. Дозиметриялық бақылау жүргізілуі керек. Әкімдік болашақ «Студенттер аллеясында» адам денсаулығына қауіпсіздікті қамтамасыз еткен-етпегенін дөп басып айту мүмкін емес. Біздің қалада әкімдік жұмысына жүйелі тәсіл жетіспейді. Тұрғындар радиациялық фон жоғары жерлерден аулақ жүруі үшін ескерту белгілері орнатылуға тиіс. Ал мұндай орындарда құрылыс жұмысы ерекше тәртіппен  жүргізіліп, мердігер ұйымдарға арнайы ереже берілуі керек. Жалпы, қаншалықты қымбат болса да, қауіпті жерлер толық залалсыздандырылуы қажет, – деді Роман Честных.

Эколог 2017 жылы осы оқу орнының алдында құбыр тартқан мекеме қауіпті қалдық төгілген жердің бетін ашып алғанын еске салды. Қаланың қалыпты радиациялық фоны 0,1 — 0,23 мкЗв/сағ (микрозиверт) болса, коммуналдық қызметкерлер топырақты қазғаннан кейін бұл жердегі сәулелену 2-3 есе артып, 0,72 мкЗв/сағ-қа дейін жеткен. Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы сол уақытта залалсыздандыру жұмысы қымбат екенін алға тартқан. Сол кездегі мәліметке қарағанда, 1 текше метр радиоактивті қалдықты көму 800 мың теңге тұрады. Студенттер қалашығын толық тазартуға кемінде 1 миллиард теңге қажет болған. Ал жергілікті бюджеттен ол уақытта жылына 40-50 миллион теңге ғана бөлінген.

Дегенмен бұл сома бюджетке аса көп емес деп санайтындар бар. Мәселен, бұрын қалалық мәслихаттың депутаты болған, тәуелсіз журналист Денис Данилевский шенеуніктер бірнеше саябақтың біріне жұмсалған ақшаны осыған арнауға болады деп санайды.

Қазақстандағы ірі экологиялық ғылыми-зерттеу ұйымдарының бірі «Экосервис-С» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің маманы Евгений Белявцевтің айтуынша, аумақта 3-4 метр тереңдікке дейін радиоактивті заттар сіңіп кеткен. Қауіпті қалдық ошағы, шамамен, 8 гектардай жерді алып жатыр.

Сонымен жергілікті БАҚ қала әкімінің сөзіне сүйеніп қаладағы екі ірі университеттің ортасында «Студенттер аллеясы» салынып жатыр деді. Ал әкімдіктің өзі мұны әдеттегі жөндеуге жатқызды. Экологтар қандай құрылыс түрі болса да, аталмыш ауданда топырақты қопарғанда абай болу керегін ескертті.

Ұқсас мақалалар

Өскемендегі көшеттер неге өліп жатыр?

redaktor_tereze

Орманды сақтаймыз десек, орманшыны қорғайық

redaktor_tereze

Экологияға 59 млрд теңге жұмсалды, нәтиже қандай?

redaktor_tereze