TEREZE MEDIA сараптамалық-танымдық интернет-журналы
ЖаңалықтарҚоғамРедакция таңдауы

Табиғаттың «тосын сыйы»: Өскемен инфрақұрылымы неге сыр берді?

Фото: Өскемен қаласы әкімінің баспасөз қызметі

Жаздыгүні Өскеменде болған алапат дауыл мен нөсер жаңбыр қала инфрақұрылымы табиғаттың тосын мінезіне дәрменсіз екенін тағы бір мәрте көрсетті. Билік апат салдарын жедел жойғанымен, электр желілерінің тозуы, ғылыми негізделген көгалдандыру стратегиясының болмауы сияқты қордаланған проблемалар басы ашық күйінде қалып отыр.

25 МЫҢ АБОНЕНТ ЖАРЫҚСЫЗ ҚАЛДЫ

Фото: Өскемен қаласы әкімінің баспасөз қызметі

Биылғы 5 тамызда Шығыста ауа райы күрт бұзылып, қатты дауыл тұрды. Іле-шала бұршақ аралас жаңбыр жауды. Көшелерді топан су басып, ағаштар құлады. Өскемен қаласы әкімінің мәліметінше, желдің екпіні 28 м/с-қа дейін жеткен. Ал жауын-шашын мөлшері 20,5 мм болған. Бұл төтенше жағдай шаһар тіршілігін бір сәтте  тұралатып тастады.

Қолайсыз ауа райы салдарынан қалада 25 мың абонент жарықсыз қалып, өсіп тұрған 15 ағаш құлады. Кейбір жолдар жабылды. Көшедегі суағарлар жаңбыр суын ағызып үлгермей жатыр. Жағдай тікелей бақылауға алынды. Тез арада электр қуаты беріліп, жолдар тазартылады, – деді дауыл қиратып кеткен жерлерді аралап шыққан қала әкімі Алмат Ақышов.

Осы кезде облыс орталығындағы бүкіл коммуналдық қызмет күшейтілген жұмыс режиміне көшіріліп, табиғи апат салдарын жоюға кірісті.

Өскемен әкімдігінің хабарлауынша, 6 тамызда таңертең тұрғын үй қоры мен әлеуметтік нысандарда апаттық-қалпына келтіру жұмысы толық аяқталды. Тоқтан ажыраған барлық аудандарға электр қуаты берілді.

Қазір Понтон көпірінің маңындағы, Самсоновка және Лесхоз ауылдарындағы жеті саяжай кооперативінде, сондай-ақ жеке сектордағы ішінара өтінімдер бойынша 0,4 кВ және электр желілеріндегі ақаулар қалпына келтіріліп жатыр, – деп мәлімдеді 6 тамызда Өскемен әкімдігі.

Қатты желден 36 бағдаршам істен шықты. Мамандар оны қайта іске қосты. Құлаған 15 ағаш кесіліп, көшелер тазартылды. Бүлінген көше шамдары қалпына келтірілді. Жаңбыр суы толған 15 учаскенің барлығында су шығару жұмысы жүргізілді. Алайда бұл жағдай тұрғындардың қауіпсіздігі мен өмір сүру сапасына қатысты бірқатар маңызды мәселені күн тәртібіне шығарды. Атап айтқанда, өнеркәсіп кәсіпорындары мол шоғырланған, 400 мыңнан астам тұрғыны бар қаланы экстремалды ауа райына бейімдеу қалай жүріп жатыр? Климаттың өзгеруіне бейімделген арнайы жоспар бар ма? Урбанизацияның әсері қандай? Жаңа тұрғын аудандар мен көшелерді жобалағанда, оның ішінде инфрақұрылым жүргізгенде табиғаттың тосын жағдайлары ескерілген бе? Ағаш отырғызу ережесі бүгінгі уақыт талабына қаншалықты сай? Осы және өзге сұрақтарды құзырлы мемлекеттік органдарға жолдаған едік. Мардымды жауап ала алмадық.

Өскемен қаласы тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің мәліметінше, қаланың электрмен жабдықтау жүйесінде қосымша (резерв) қоректендіру көздері қарастырылған. Бұл төтенше жағдай кезінде электр қуаты ажырап қалса, тез арада ақауды қалпына келтіруге мүмкіндік береді. Тамыздағы дауыл кезінде солай болды.

Электр қуатының ажыратылуына қолайсыз ауа райы себеп болды. Қатты дауылдан әуе және кабельді электр желілері үзіліп, зақымданды. Ағаштар құлап, желіні қиратты. Сондай-ақ электр желісі жабдықтарының жекелеген элементтері бүлінді, – деп жауап берді тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімі басшысының орынбасары Марат Тұңғышбаев.

ЭЛЕКТР ЖЕЛІСІНІҢ 92%-Ы ТОЗҒАН

Фото: Өскемен қаласы әкімінің баспасөз қызметі

Мамандар жарықтың өшуіне тек желілердің тозуы себеп болды деуден аулақ. Бірақ «БЭСК» АҚ есебінше, қалада жалпы ұзындығы 1665,3 км электр желісі болса, соның 92,3%-ы тозған. Әсіресе, бау-бақша серіктестіктеріндегі ішкі желілердің жай-күйі қайта жаңғыртуды талап етеді.

Қала аумағында және әкімшілік бағынысты аумақтарда 168 бау-бақша серіктестігі орналасқан, оның 28-інде электр желілерінің техникалық жағдайы сын көтермейді. Биыл сегіз бау-бақша серіктестігінің желісін жаңғырту үшін жобалық-сметалық құжаттама әзірлеу басталды, – деді Марат Тұңғышбаев.

Энергетика саласының ардагері, Flashress.kz интернет-сайтының редакторы Денис Данилевский қаладағы инженерлік желілер мен жабдықтарды жаңарту өте баяу жүріп жатқанын айтады.

1981 жылы энергетик болып еңбек жолымды бастағанда, қаланың қосалқы станциялар тобында жұмыс істедім. Жыл сайын сәуірден қарашаға дейін тек жөндеу жұмысымен айналысатынбыз. Ал жоспарлы алдын алу-жөндеу жұмысының кестесі бір жыл бұрын жасалатын.

Қазір жөндеу және жаңғырту жұмыстарының қалай жүргізілетінін «БЭСК» АҚ-ның есептерінен-ақ көруге болады. Облыс бойынша жалпы ұзындығы 34 293 шақырым электр желісіне қызмет көрсететін кәсіпорын былтыр 1235 шақырым электр желісін жөндеген. Ал 2021-2025 жылдары барлығы 7025 шақырым желі жөндеуден өткен. Бұл – өңірдегі жалпы электр желісінің 20 пайызы ғана, – деді ол.

Тәжірибелі маманның айтуынша, облыста бір жылда кернеуі 6/10 кВ болатын 17 кешенді трансформатор қосалқы станциясының (КТП) жабдығы жөнделген. Дәл осы қосалқы станциялар арқылы электр энергиясы түпкі тұтынушыға жеткізіледі. Ал қалада жөндеуді қажет ететін мұндай 4 896 станция бар.

Желінің тозуы электрмен қамтамасыз ету тұрақтылығына тікелей әсер етеді. Бұл табиғи апаттар немесе техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар кезінде де анық байқалады. Сондықтан желілер мен жабдықтарды ағымдағы және күрделі жөндеуден жүйелі түрде өткізіп, жаңғырту қажет.

Өскемендегі инженерлік желілер мен жабдықтар сонау кеңес дәуірінен келе жатыр. Соңғы 35 жылда қалада небары бір ғана жаңа қосалқы станция салынған, – деді ардагер энергетик.

Денис Данилевскийдің айтуынша, 2024 жылдың күзінде облыс орталығында болған төтенше жағдай жүйенің қаншалықты тозғанын анық көрсетті.

Славский атындағы Ертіс жағалауының тұрғындары ол оқиғаны жақсы біледі. Сол кезде кәріз қалдығы жолға жайылып, Abdi дүкеніне дейін жетті. Тұрғын үйлердің жертөлеcін су басты. Бұған кәріз коллекторының опырылуы себеп болды. Жөндеу кезінде айналаға жағымсыз иіс тарап, адамдар тұншықты. Шұңқырларды енді көміп бола бергенде, коллектор басқа бір жерінен тағы жарылды. Арада екі жыл өтсе де, ескі коллекторды әлі күнге дейін ауыстырған жоқ, – деп қынжылды маман.

Денис Данилевский қаладағы жаңбыр суы ағатын кәріз желілерінің жағдайы мәз емес екенін тілге тиек етті. Кетеуі кеткен ескі желі қатты нөсер құйғанда суды ағызып үлгермейді. Соның салдарынан көшелерді топан су басады. Ал желіні жаңғырту қарқыны мардымсыз.

Биыл Өскемендегі жалпы ұзындығы 63 шақырым болатын жаңбыр суы ағатын кәріз желісінің небары 1400 метрін ғана тазартуға қаражат бөлінген. Онда да бұл ақша желіні ауыстыруға немесе жөндеуге емес, бар болғаны шаюға қарастырылған.

Өкініштісі, нарықтық экономикаға көшкенімізге 35 жыл өтсе де, тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымның жағдайы жақсарғанның орнына нашарлап барады. Бұл салада айтарлықтай оң өзгеріс байқалмайды. Тарифтер өсіп жатыр, бірақ соған сай елеулі нәтиже жоқ. Жұмыс жүйелі жүргізілмейді, бір апаттан екіншісіне дейінгі аралықта ғана әрекет етумен шектеліп отыр. Яғни, мәселені түбегейлі шешудің орнына, ақауларды уақытша жамап-жасқаумен келеміз. Бұл проблеманы шешу үшін инфрақұрылым иелері де, мемлекет те қомақты қаржы салуы қажет. Барлық ауыртпалықты тұтынушылардың мойнына артып, мәселені тек олардың есебінен шешу мүмкін емес, – деді Данилевский.

КӨШЕТ ЕГУ ТЕХНОЛОГИЯСЫНА ТҮБЕГЕЙЛІ ӨЗГЕРІС КЕРЕК

Фото: Өскемен қаласы әкімінің баспасөз қызметі

Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімі басшысының орынбасары Марат Тұңғышбаев биыл Өскеменде дендрологиялық жоспар әзірлеу жұмысы басталғанын мәлім етті. Бұл жұмыс жасыл желектің жай-күйін жүйелі түрде бағалауға, олардың түрлік құрамын, жасын және қазіргі жағдайын анықтауға, сондай-ақ қауіп төндіруі ықтимал ағаштарды есепке алуға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар аталған құжат жасыл қордың жай-күйі туралы өзекті ақпаратты қалыптастыруға негіз болып, ағаштарды күтіп-ұстау, санитарлық мақсатта бұтау, қалпына келтіру, сондай-ақ қажет болған жағдайда апаттық және қауіп төндіретін ағаштарды кесу бойынша басым бағыттарды айқындайды. Биыл қала бюджетінен ағаштарды бұтап, кесуге 40 млн теңге бөлінген, – деп нақтылады бөлім басшысы.

Биолог Құралай Алипина Өскеменде арнайы дендрологиялық стратегия болмауы себепті көгалдандыру жұмысы көбінесе ағымдағы агротехникалық нормалар мен қысқа мерзімді жоспарлау шеңберінде жүзеге асып жатқанын айтты.

Қолданыстағы қала құрылысы мен абаттандыру ережелерін талдау көрсеткендей, қазір қалада көгалдандыру жұмысы бұрыннан келе жатқан агротехникалық нормалар мен қысқа мерзімді жоспарлауға сүйеніп жүргізіледі. Климаттық өзгерістердің ұзақ мерзімді (20–30 жылдық) сценарийін және ағаш түрлерінің болашақ гидротермиялық экстремумдарға сезімталдығын кешенді түрде есепке алатын ресми нормативтік механизмдер мен бекітілген дендрологиялық стратегиялардың жеткіліксіздігі байқалады.

Соның салдарынан экстремалды климаттық ауытқулар (күннің ысуы, толассыз жауын—шашын мен қатты дауыл – ред.) күшейген жағдайда, қазір егіліп жатқан сезімтал ағаш түрлерінің біраз жылдан соң тіршілікке қабілеттігі төмендеп, деградацияға ұшырауы (ықтималдығы) мүмкін. Сондықтан Өскеменде ағаш отырғызу мен суару, күтіп-баптау тәсілдерін түбегейлі өзгерту керек, – деді С.Аманжолов атындағы ШҚУ биология кафедрасының қауымдастырылған профессоры, PhD Құралай Алипина.

Тамыздағы алапат дауыл жылдар бойы қордаланған инфрақұрылым мәселесін су бетіне шығарды. Бір сәтте 25 мың абоненттің жарықсыз қалуы, көшелерді топан су басып, ағаштардың құлауы сияқты төтенше жағдайлар табиғаттың «тосын сыйына» дайындықты жаңаша жүргізіп, пысықтау қажеттігін көрсетті. Мәселе тек дауылдан кейін құлаған ағаштарды жинап, үзілген сымды жалғаумен шешілмейді. Электр желілерін жаңғырту, су ағызатын жүйелерді жөндеу, климаттық өзгерістерді ескеретін көгалдандыру стратегиясын әзірлеу – күн тәртібінде тұрған міндеттер. Өйткені климат өзгерген сайын мұндай құбылыстарға дайын болу қала қауіпсіздігінің негізгі шарттарының біріне айналады.

Жергілікті биліктің алдында тұрған басты міндет – апаттан кейінгі қалпына келтіру жұмысымен шектелмей, қаланы төтенше жағдайларға төтеп бере алатындай ету. Ол үшін ұзақ мерзімді жоспар, жүйелі жаңғырту және қомақты қаржыландыру қажет. Табиғаттың тосын мінезін тоқтату мүмкін емес. Бірақ оның зардабын азайтуға болады.

Ұқсас мақалалар

Катонқарағайда туризм дамып жатыр, ал табиғат оған дайын ба?

redaktor_tereze

«Көліктегі қауіпсіздік» жедел-профилактикалық іс-шарасы басталды

redaktor_tereze

Өскемендегі көшеттер неге өліп жатыр?

redaktor_tereze