Фактчек/Уәдені тексеру
2023 жылы наурызда Шығыс Қазақстан облысы әкімдігі Өскеменнің Есенберлин даңғылы бойында орналасқан аяқталмаған колледж құрылысын мектепке айналдыруға бел буды. Әуелде әкімдікке қарасты мекемелер “жобаның сметасы дайын болған соң 18 ай ішінде білім ордасы да салынып бітеді” деген. Бірақ Tereze media интернет-журналы бұл құрылыстың тәмамдалатын мерзімі 2028 жылдың қаңтарына белгіленгенін білді.
2023 жылдан бері 3 жыл өтті. Сонда қалай, жергілікті биліктің бастапқы уәдесі орындалмағаны ма? Әлде жоспар ойдағыдай істеліп жатыр ма? Фактчек жүргізіп көрейік.
Алдымен қандай уәде берілгенін еске түсірейік.
Бекітілген шартқа сәйкес, инвестор жобалау-сметалық құжаттама бекітілгеннен кейін құрылысты 18 ай ішінде аяқтауға міндеттенеді, – деді энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы 2023 жылы 24 қазанда бұқаралық ақпарат құралдарына таратқан баспасөз хабарламасында (1, 2).
Мекеменің инвестор деп отырғаны – VK Invest Company ЖШС. Еске саламыз, аталмыш кәсіпорын 2023 жылы 28 наурызда аяқталмаған кешенді әкімдіктен сатып алуға 179 млн теңгеге келісімшарт жасасқан.
Құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы жобаның сметасы 2025 жылы қазан немесе қараша айында дайын болатынын хабарлаған. Бастапқы жоспарға сәйкес, 18 айлық мерзім осыдан кейін басталып, 2027 жылдың сәуір немесе мамырында бітеді деп белгіленуі қажет еді.
ҮКІМ: БАСТАПҚЫ ЖОСПАРДАН АУЫТҚУ БАР
Бірақ мектеп 2028 жылы қаңтарда аяқталатыны мәлім болды. Облыстық мемлекеттік сатып алу және коммуналдық меншік басқармасы 21 қазанда Tereze media интернет-журналына сондай ақпарат берді.
Құрылыс-монтаждау жұмыстары бекітілген кестеге сәйкес жүргізілуде. Құрылысты аяқтаудың жоспарланған мерзімі – 2028 жылғы қаңтар, – деді басқарма басшысы Рустам Байырбеков.
Оның жазуынша, 2026 жылғы 8 шілдеде кешенді аяқтауға ведомстводан тыс сараптаманың оң қорытындысы алынған, жоба 18 ай ішінде әзір болады.
Бірақ бір түсінбестік бар. Бастапқы жоспар мен жаңа мерзімнің айрмасы неде? Мұндағы басты мәселе — мерзімді есептеу тәртібінде емес, сметаның өзін дайындау мерзімінің кешігуінде. Бастапқыда смета мен сараптама 2025 жылдың күзінде дайын болады деп жоспарланған еді. Ал жаңа дерекке сәйкес, сараптаманың оң қорытындысы тек 2026 жылғы 8 шілдеде алынды. Яғни, жобалау және сараптамадан өткізу процесінің өзі 8-9 айға созылып кеткен, тиісінше 18 айлық құрылыс мерзімі де ары қарай жылжыған.
Мекеме мәліметінше, жоба басталғалы бері мемлекеттік сараптамадан өткізу тәртібі мен нормативтік талаптар өзгеріп, құжатқа бірнеше түзету енгізілген.
Объектінің сейсмикалығы 7 балдық аймақта орналасуына, сондай-ақ ведомстводан тыс сараптамадан өткізу тәртібіне қатысты нормативтік базаның өзгеруіне байланысты жобада жаңадан салынатын ғимараттар мен құрылыстар үшін арнайы техникалық шарттарды әзірлеу және сейсмооқшаулағыш құрылғыларды қолдану қажет, – деп жазылған басқарманың жауабында.
«САҚАЛДЫ ҚҰРЫЛЫСТЫҢ» ТАРИХЫ
Бұл ірі әлеуметтік жобаның іргетасы алғаш рет 2008 жылы қаланған болатын. Жоба бойынша мұнда машина жасау саласына қажетті техникалық мамандар даярлайтын аралық кәсіптік орталық бой көтеруге тиіс еді. Жаңа оқу орны жыл сайын жүздеген студентті қабылдап, өңірдегі өндіріс орындарын жұмысшы кадрлармен қамтамасыз етеді деп жоспарланды.
Алайда, құрылыс басталғаннан кейін жоба төңірегінде қаржылық шикіліктер мен дау-дамай пайда болды. Білім және ғылым министрлігінің кейбір жауапты тұлғалары мен бас мердігерлердің заңсыз әрекеттері салдарынан қылмыстық іс қозғалды. Созылған тергеу амалдары мен сот процестерінің кесірінен құрылыс алаңындағы жұмыстар толық тоқтатылды. Нысан жылдар бойы бос тұрды.
Аяқталмаған құрылыс 2023 жылы аукцион арқылы VK Invest Company-ға сатылды. Алғашқыда 880 орыннан кем емес мектеп салынатыны хабарланды. Кейін келісімшарт толықтырылып, 1 000 орыннан кем емес мектеп болады деп өзгертілді.
Өскеменде мектептерде оқушыларға орын тапшы. Биыл қаңтарда осы аяқталмаған кешен орналасқан Жібек маталар комбинаты ықшамауданында 1823 балаға орын қажет екені хабарланған.
