Биыл Риддер қаласындағы жалғыз қазақ мектебіне арналып ашылатын жаңа білім ошағына «Шаңырақ» атауы берілмеуі мүмкін бе? Қала билігі әзірге қандай да бір ұсыныс немесе шешім жоқ дейді. Бірақ Tereze media интернет-журналына хабарласқан «Шаңырақ» мектеп-гимназиясының ата-аналары тосын жаңалық естігендерін айтып, алаңдап отыр.
Бізге жеткен ақпарат бойынша, жаңа ғимаратқа «Шаңырақ» мектеп-гимназиясын басқа атаумен кіргізбек. Мұндай мәселе көтеріліп отырғаны бізді алаңдатады. «Шаңырақ» атауы Риддер халқына маңызды. Бұл — тарихи атау. Жаңа ғимарат үлкен күреспен қолымыз жеткен қазақ мектебінің заңды жалғасы, — деді аты-жөнін атамауды өтінген ата-аналардың бірі.
Дәл осындай мәселені бұдан бірнеше күн бұрын Facebook әлеуметтік желісінде «Шаңырақ» мектеп-гимназиясының негізін қалаған зейнеткер ұстаз Сәуле Мәди мен ардагер журналист, жазушы Айтмұхамбет Қасымов та көтергені мәлім.
Отыз жылдан аса өзіндік тарихы бар, қаладағы жалғыз ғана қазақ мектебінің «Шаңырақ» деген киелі де қасиетті атауы кейбіреулерге ұнамайды екен?! Сондықтан бұл атауды құртып, жаңа мектепке бір нөмір бере салған дұрыс дейтін көрінеді. Сонау Астанада жатып, Риддердегі осындай келеңсіз жағдайдың орын алып отырғандығы туралы әлемжеліде жаны ауырып жазып жатқан Сәуле Мәдиқызының жанайқайын оқып, мен де үнсіз қала алмадым… Құрметті Риддер қаласы әкімдігінің, қалалық оқу бөлімінің басшылары, бүгінгі күні толықтай жаңарған «Шаңырақ» мектебінің ұжымы, «туған үйің, ата мекенің, әулетіңнің, үрім-бұтағыңның, туған халқыңның баспанасы» деген қасиетті де киелі, мағынасы терең ұғымды білдіретін «Шаңырақты» шайқалтпай, қайта «Шаңырағың биік болсын!» деген ұлтымыздың игі тілегіндей асқақтатып, қазақ мектебінің іске қосылатын жаңа мектебіне өздерінің «Шаңырақ» атауын қалдыруларыңызды сұраймыз! — деп жазған еді Айтмұхамбет Қасымов.
Tereze media интернет-журналы білім ордасының атауы жөнінде Риддер әкімдігіне сұрақ жолдап, жазбаша жауап алды.
Қазіргі уақытта жаңа мектеп ғимаратын пайдалануға беру 2026 жылдың тамыз айының соңына дейін жоспарланып отыр. Жаңа ғимарат «Шаңырақ» мектеп-гимназиясының пайдалануына беріледі. Қазіргі уақытта мектеп-гимназияның атауын өзгертуге қатысты ешқандай ұсыныс түскен жоқ, — деп жауап берді қала әкімдігі.
Риддердегі тек мемлекеттік тілде оқытатын «Шаңырақ» мектеп-гимназиясының тарихы 1989 жылдан басталады. Әуелде тіл үйірмесі, кейін жексенбілік мектеп болып жұмыс істеген. Оқу орнының негізін қалаған Сәуле Мәди оны мектепке айналдыру жолында көп кедергіге ұшырағанын айтқан. Мектеп бертінге дейін екі бөлек ескі, тозығы жеткен ғимаратта отырды. 2024 жылы ескі ғимараттар туралы бұқаралық ақпарат құралдары дүркін-дүркін жазғаннан кейін жаңа ғимарат салына бастаған.
