TEREZE MEDIA сараптамалық-танымдық интернет-журналы
ЖаңалықтарЭкология

Экологияға 59 млрд теңге жұмсалды, нәтиже қандай?

Фото: Т.Шаяхмет/Өскемен қаласы. 12.01.2025 ж.

Былтыр Шығыс Қазақстан облысында қоршаған ортаны қорғауға 58 млрд 986,7 млн теңге жұмсалды. Оның көп бөлігі ауа сапасын жақсартуға және климаттың өзгеруін тежеуге бағытталған. Бұл жұмыстардың нәтижесі қандай? Өңірде экологиялық ахуал жақсарды ма? Tereze media редакциясы осы сауалдарға жауап іздеп көрді.

Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, 2022 жылы Шығыс Қазақстанда қоршаған ортаны қорғауға 33 млрд 451,9 млн теңге бөлінсе, былтыр ол сома 58 млрд теңгеден асып жығылды.

Статистикаға сүйенсек, қаржының ең көп бөлігі ауаны тазарту мен климаттың өзгеруіне қарсы күреске бағытталған. Оған шамамен 22 млрд 144,2 млн теңге бөлінген. Өкініштісі, тікелей парниктік газдардың бөлінуін азайтуға бар болғаны 3 млн теңге ғана ұқсатылған.

Экологиялық шығындардың қалған ірі бөлігі мына бағыттарға бөлінді:

  • Қалдықтармен жұмыс (қоқыс жою және өңдеу): 20 млрд 45,1 млн теңге;
  • Ағын суларды тазарту: 11 млрд 541,9 млн теңге;
  • Топырақты, жер асты және жер үсті суларын қорғау мен қалпына келтіру: 1 млрд 482,5 млн теңге.

Аймақтағы экологиялық жағдайды жақсарту үшін тек практикалық шаралар емес, ғылыми зерттеулер де қаржыландырылды. Атап айтқанда:

  • Экология саласындағы ғылыми зерттеулер мен әзірлемелерге — 1 млрд 198,5 млн теңге;
  • Биоалуандылық пен табиғи ландшафтарды сақтауға — 44,6 млн теңге;
  • Радиациялық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге — 25,8 млн теңге қарастырылған.

Ұлттық статистика бюросының хабарлауынша, қаражаттың басым үлесі жергілікті кәсіпорындар мен ұйымдардан «қалтасынан» шыққан. Миллиардтаған қаржыға атқарылған жұмыстардың нәтижесі қандай? Өскемен тұрғындары экологияның жақсарғанын сезінді ме?

Гүлсім Кенжебекқызы, қала тұрғыны:

Алматыдан көшіп келгенімізге 3 жылдай болды. Өскемен экологиясы нашар екені бірден сезіледі. Әсіресе, қыстыгүні қаланы түтін мен газ басып тұрады. Ал жазда ашық күндер көбірек. «Выброс»  (улы газ – ред.) күндері тамақ қырып, бас ауырады. Ондай кезде балаларды сыртқа шығармауға тырысамыз, есік-терезені қымтап алып үйде отырамыз. Өткенде қалада көлік көбейді, улап жатқан соның газы деді. Алматыда көлік Өскеменнен бірнеше есе көп, онда да түтін басатын күндер аз болмайды. Бірақ дәл Өскемендегідей тамақ қырып, тұншықпайсың. Соған қарағанда көліктің түтіні улап жатыр дегенге сену қиын.

Қанат Жомартов, қала тұрғыны:

Жақсарған ештеңесі жоқ. Керісінше, жылдан-жылға экологиясы нашарлап барады. Бұрын аса байқалмайтын, қазір газ шығарған кезде дереу білінеді. Ауада өткір, жағымсыз иіс пайда болады, бас ауырады, тіпті тамағың күйіп қалады. Дәрігерге барсақ «газдан емес» деп диагноз қояды. Сонда неден?! Сап-сау жүрген адамның тамағы күйіп, басы ауырмайды ғой.

Өскемендік қоғам белсендісі, эколог Роман Честных қала экологиясының нашарлауына әсер ететін бірнеше факторды атады. Оның пікірінше, ауаны ластаушы негізгі көздер жылумен қамту орталықтары мен өнеркәсіптік кәсіпорындар.

Былтыр қарашада ауа сапасының төмендеуіне байланысты оқушылар қашықтан оқыды. Бұл — кәсіпорындарға ауаға шығарылатын зиянды қалдықтар мөлшерін азайту жөнінде ешқандай талап қойылмайтынын көрсететін нақты мысал. 2000-жылдары Өскемендегі түсті металлургия алпауыттары заман талабына сай жаңарып, зиянды заттарды сүзетін әртүрлі қондырғы қойды. Бірақ содан бері ширек ғасырға жуық уақыт өтті. Қала өсіп, өндіріс дамып жатыр. Демек, жылу электр орталықтары да, өнеркәсіптер де экологияны жақсартуға бағытталған жұмысты тоқтатпауы керек. Оны тиісті органдар ұдайы бақылау ұстағаны дұрыс. Бұлардың бәрі жекеменшік иелікте және қыруар табыс табады. Экологияны жақсартуға мүмкіндігі бар. Ендеше, неге талап етпеске?! — деді Честных.

Эколог әлемнің басқа елдерінде, оның ішінде Қытайда экология проблемасы қалай шешілетінін тілге тиек етті. Мәселен, халқының саны миллиардтан асатын көрші мемлекетте елді мекендерді улы газдан тазартуға үшін көліктерді қатаң реттеу, халықты қоғамдық көлікке отырғызу, көмірден бас тарту немесе байытылған көмір жағу, табиғи газ пайдалану, өндіріс орындарын қала сыртына көшіру сияқты жұмыстар жүргізген.

Бұл − өте қымбат жоба. Дегенмен осы жұмыстардың кейбірін біз де істей аламыз. Мәселен, көліктерді реттеуге мүмкіндік бар. Кәсіпорындарды сыртқа көшіре алмасақ та, заманауи тазарту құрылғыларын орнатуды талап етуге болады. Көмірден газға көшу де күрделі шаруа емес. Елде көмір қоры мол, оны байытып газға айналдыруға болады. Халықаралық тәжірибеде бұрыннан бар технология. Әрине, қомақты қаржыны талап етеді, бірақ ол адам өмірінен артық емес, − деді эколог.

Ұқсас мақалалар

Тарбағатайлық талантты балалар Өскемен жұртын тамсандырды

admin_tereze

Күлімсі иіс, лас су, шашылған қоқыс: Өскеменнің мыңдаған тұрғыны полигон маңында тұрып жатыр

admin_tereze

Шығыс Қазақстанда рұқсатсыз қоқыс полигондары азаймай тұр

admin_tereze