Шығыс Қазақстанда ерекше білім беру қажеттілігі бар балалар саны соңғы төрт жылда 10,9 мыңнан 13,2 мыңға дейін өскен. Ал мүгедектігі бар балалар саны 3 304-ке жетті. Бұл өсім нені білдіреді: балалардың қажеттілігі артып жатыр ма, әлде оларды бұрынғыдан ертерек анықтай бастадық па? Terezemedia осы сұраққа жауап іздеді.

Ең алдымен екі ұғымды ажыратып алған жөн. Ерекше білім беру қажеттілігі бар бала мен мүгедектігі бар бала — бір ұғым емес. Ерекше білім беру қажеттілігі баланың білім алу барысында тұрақты немесе уақытша арнайы жағдайларға мұқтаж болуын білдіреді. Мұндай қажеттілік денсаулық жағдайына ғана емес, оқу мен дамудағы басқа да қиындықтарға байланысты болуы мүмкін.
Ал мүгедектігі бар бала — денсаулығына байланысты тіршілік әрекеті шектелген және әлеуметтік қорғауды қажет ететін 18 жасқа дейінгі бала.
ҚАНДАЙ КӨМЕК КӨРСЕТІЛЕДІ?
Мұндай балаларға білім алу барысында қосымша қолдау қажет болуы мүмкін. Оларға бейімделген оқу бағдарламасы, арнайы педагог, психолог, логопед, дефектолог және басқа да мамандардың көмегі ұсынылады.
Баланың қандай қолдауға мұқтаж екенін анықтауға психологиялық-медициналық-педагогикалық консультация (ПМПК) қатысады.
«Облыстық психологиялық-медициналық-педагогикалық консультация» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің басшысы Рауан Байчиновтің айтуынша, ата-аналар ПМПК қорытындысынан қорықпауы керек.
Ең бастысы, ата-аналар біз беретін қорытындыдан қорқып, баланы орталыққа әкеліп тексеруден бас тартпауы керек. Біз арқылы арнайы оңалту орталықтарына, арнайы білім беретін орталықтарға барғаны дұрыс. Бала тез оңалады, өмірге тез бейімделеді. Сондықтан ата-аналар қорытындыдан қорықпауы қажет, — деді Рауан Байчинов.
Маманның айтуынша, баланың қажеттілігін ерте анықтау оған тиісті қолдауды уақытында бастауға мүмкіндік береді.
БІР ЖЫЛДА 896 БАЛАҒА АРТТЫ
ШҚО білім басқармасының мәліметінше, былтыр өңірде ерекше білім беру қажеттіліктері бар 12 304 бала болған. 2026 жылы бұл көрсеткіш 13 200-ге жетті. Бір жылда 896 балаға, яғни 7,3 пайызға өскен.
Жалпы, кейінгі төрт жылда ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалар саны мынадай болған:
2023 жыл — 10 896 бала;
2024 жыл — 11 283 бала;
2025 жыл — 12 304 бала;
2026 жыл — 13 200 бала.
Облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Бұлбұл Қозыбаеваның айтуынша, мұндағы негізгі себептердің бірі — балалардың ерекше білім беру қажеттіліктерін ерте анықтау және диагностикалау жүйесінің жетілдірілуі.
Статистиканың өсуіне әсер еткен негізгі себептердің бірі – балалардың ерекше білім алу қажеттіліктерін ерте кезден анықтау және диагностика жүйесінің жетілдірілуі. Кейінгі жылдары білім беру және денсаулық сақтау ұйымдарының бірлескен жұмысы нәтижесінде балалардың даму ерекшеліктерін ерте кезеңде анықтау, диагностикалық тексерулермен қамту және тиісті психологиялық-педагогикалық қолдауға уақтылы бағыттау жұмыстары күшейтілді, – деп атап өтті Бұлбұл Қозыбаева.
Бұл жерде маңызды бір нәрсе бар: есепте тұрған балалар санының өсуі олардың даму ерекшеліктері міндетті түрде көбейді дегенді білдірмейді. Көрсеткішке ерте диагностика мен анықтау жүйесінің жақсаруы да әсер етуі мүмкін.
ҚАНША БАЛА КЕЗЕКТЕ ТҰР?

Ерекше білім беру қажеттілігі бар балаларға арналған мектепке дейінгі ұйымдарға қабылдау кезекпен жүргізіледі.
Білім басқармасының мәліметінше, осы оқу жылында кезекте тұрған 162 балаға жалпы білім беретін мектепке дейінгі ұйымдарда тиісті психологиялық-педагогикалық қолдау көрсетілген.
Бүгінгі таңда өңірде 3-6 жас аралығындағы 295 бала кезекте тұр. Бұл ретте кезекте тұрған балалардың барлығына бірдей қандай қызмет қажет екені және кезектің нақты себептерін бөлек қарастыру қажет.
ПМПК орталығына барғанымызда кезек күтіп отырған ата-аналардың бірі, Ирина есімді қала тұрғыны баласын бірінші сыныпқа бергеннен кейін қайтадан дайындық сыныбына ауыстыру үшін консультацияға келгенін айтты. Кейіпкердің есімі баласының жеке деректерін қорғау мақсатында өзгертілді.
Биыл бірінші рет келіп тұрмыз. Баламды бірінші сыныпқа беріп едім, оқуды алып кете алмады. Сондықтан қайтадан даярлық сыныбында оқыту үшін осы орталықтан қорытынды алуға келдім, — деді Ирина.
Қала тұрғыны баласының денсаулығына қоршаған ортаның әсері болуы мүмкін деген күдігін жасырмады.
Біздің қалада қолайсыз метеожағдай үнемі болып тұрады. Қаланы газ бен түтін тұмшалап, тыныс алу қиынға соғады. Бұл әсіресе, балалардың денсаулығына қаттты әсер етеді. Баланы қойып ересектердің де тамағы қырып, басы ауырады. Меніңше, күрделі экологиялық ахуал баламның дамуына тежеу болған шығар деп ойлаймын. Қазір балаларға гаджеттің зияны тиеді дегенді де айтады. Біз балаға телефонды күні бойы ұстатып қоймаймыз, шектеп отырамыз, — деді ол.

Медициналық орталық басшысы Рауан Байчинов баланың даму ерекшеліктеріне қаладағы экологиялық жағдай әсері етуі мүмкін деген пікірді біржақты қарауға болмайтынын айтады.
Баланың ерекше білім беру қажеттілігіне тап болуының себептері көп. Сіз айтып отырған экология сол көп фактордың біреуі ғана болуы мүмкін. Тіпті болмауы да мүмкін. Өйткені туа біткен, қанмен келетін кемшіліктер де көп. Қазір технология дамып, мамандар мен арнайы орталықтар болғандықтан, бұл жағдай ерте анықталып жатыр, — деді ол.
Демек, қазіргі деректерге сүйеніп, ШҚО-дағы ерекше білім беру қажеттілігі бар балалар санының өсуін экологиялық жағдаймен тікелей байланыстыруға болмайды. Бұл мәселені нақтылау үшін медициналық және ғылыми зерттеулер қажет. Әсіресе, ауа сапасы, балалар денсаулығы және даму ерекшеліктері арасындағы байланысты жеке зерттеу маңызды.
МАМАНДАР ЖЕТІСПЕЙДІ

Шығыс Қазақстанда ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға қызмет көрсететін мамандарға сұраныс жоғары. Облыс аумағындағы 455 білім беру ұйымында инклюзивті оқыту орталығы жұмыс істейді. Қазір Тарбағатай, Шемонаиха және Алтай аудандарында маман тапшылығы байқалады.
ШҚО білім басқармасының мәліметінше, облыс бойынша 90 маманға қажеттілік бар. Олардың ішінде логопедтер мен дефектологтарға сұраныс жоғары. Жергілікті билік бұл мәселені шешу үшін маман даярлауға көңіл бөліп отыр.
Биыл С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетіне мемлекеттік білім беру тапсырысы бойынша 300 орын бөлінген. Оның ішінде логопед-педагог, дефектолог-педагог, педагог-психолог, тифлопедагог және сурдопедагог мамандары оқытылады.
Сонымен бірге Абай атындағы Шығыс Қазақстан жоғары педагогикалық колледжінде алғаш рет логопедия мамандығы ашылып, 19 студент мемлекеттік тапсырыс бойынша білім алып жатыр. Бұл мамандардың еңбек нарығына шығуы саладағы кадр тапшылығын азайтуға көмектеспек.
МҮГЕДЕКТІГІ БАР БАЛАЛАР САНЫ ДА ӨСІП КЕЛЕДІ
Ерекше білім беру қажеттілігі бар балалар ғана емес, мүгедектігі бар балалар саны да артып келеді. ШҚО жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасының мәліметінше, өңірде жалпы 29 189 мүгедектігі бар адам тұрады. Оның 3 304-і – 18 жасқа дейінгі бала.
Балалардың саны соңғы бес жылда былай өзгерген:
2022 жыл — 2 799 бала;
2023 жыл — 2 892 бала;
2024 жыл — 2 949 бала;
2025 жыл — 3 158 бала;
2026 жыл — 3 304 бала.
Яғни, төрт жылда мүгедектігі бар балалар саны 505 балаға көбейген.
Басқарманың мәліметінше, мүгедектігі бар балаларға арнайы әлеуметтік қызметтер үйде, аумақтық әлеуметтік қызмет көрсету орталықтарында және арнайы әлеуметтік қызмет көрсететін ұйымдарда көрсетіледі.
Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасы басшысының орынбасары Әсел Төлепованың айтуынша, биыл 2 388 мүгедектігі бар баланың өтініші қанағаттандырылған.
Өңірде ерекше білім беру қажеттілігі бар балалар санының төрт жыл қатарынан өсуі — назар аударуды қажет ететін жағдай. Бірақ бұл жерде бір ғана жауаппен шектелуге болмайды. Айталық, балалардың қажеттілігін ерте анықтау және диагностикалау жүйесі жетілдіріліп келеді, соның арқасында анықталмаған жағдайлар есепке алына бастады десек, екінші жағынан, мүгедектігі бар балалар саны да жыл сайын өсіп отырғанын жасыра алмаймыз. Ал экологияның бұл жағдайға қаншалықты әсер ететіні әзірге белгісіз. Оны дәлелдеу үшін медициналық және ғылыми зерттеулер қажет.
