Алаштың алтын бесігі Семейдің тарихи мән-маңызы қандай екені бәрімізге мәлім. Алғашқы телеграф байланысының орнатылуы, алғашқы футбол клубының құрылуы, Алаш қайраткерлерінің Семейде бас қосып, алғашқы баспахананың жандануына жол ашуы сияқты тарихи оқиғаларымен танымал шаһар қазір «Семей -тұңғыштар мекені» деген ерекше мәнге ие.
Міне, соның бір дәлеліндей болып жақында Шәкәрім университетінің «Шәкәрімтану» ғылыми орталығында «Жәрдем» баспа компаниясы» ғылыми жинағының тұсаукесері өтті. ХХ ғасыр басындағы қазақ ұлттық баспа ісінің тарихын зерделеуге арналған тағылымды шарада университет ректоры Думан Орынбеков ғылыми жинақтың тарихи және рухани маңызына тоқталып, «Жәрдем» баспасының қазақ қоғамының ағартушылық өміріндегі рөлін атап өтті.
Назарларыңызға ұсынылған бұл жинақ Семейдің қазақ руханиятының қалыптасу кезеңіндегі орнын айқындайды. ХХ ғасыр басындағы қазақ ұлттық баспа ісінің қалыптасу үдерісін, соның ішінде 115 жылдық тарихы бар алғашқы Алаш баспаларының бірі – «Жәрдем» баспасының тарихи-мәдени қызметін кешенді ғылыми тұрғыда зерделеуге арналған. Баспа Алаш қайраткерлерінің идеяларын таратып, қазақ қоғамында оқу мәдениетін қалыптастыруға, білім мен ғылымның өрісін кеңейтуге зор үлес қосты,- деді Думан Орынбеков.
Сондай-ақ ректор Шәкәрім шығармашылығы мен «Жәрдем» баспасының тарихи байланысына ерекше назар аударды. Атап айтқанда, Шәкәрім Құдайбердіұлының «Қазақ айнасы», «Қалқаман-Мамыр», «Еңлік-Кебек» сынды шығармаларының осы баспаханадан алғаш жарық көруі – университет үшін де, Семей өңірінің рухани тарихы үшін де маңызды дерек.
Ректор тарихи мұраны жаңғыртып, «Жәрдем» атауын қайта түлетуге күш салып жүрген баспа директоры, университет түлегі, ақын, филология ғылымдарының кандидаты Айдар Ғали-Арыстанұлының еңбегіне ризашылығын білдірді.
Іс-шараның тағы бір маңызды сәті – Шәкәрімнің аудармашылық мұрасына қатысты тың деректің таныстырылуы болды. Ұлы ойшыл Сәбит Мұқановқа жазған хатында америкалық жазушы Гарриет Стоудың «Том ағайдың балағаны» («Uncle Tom’s Cabin») романын қазақ тіліне аударғаны туралы мәлімдеген екен. Осы тарихи деректі ескере отырып, Думан Рымғалиұлы Нью-Йорк қаласына барған сапарында осы романның ағылшын тіліндегі бір данасын алып келіпті. Тұсаукесер аясында «Uncle Tom’s Cabin» кітабы Шәкәрім музейінің қорына салтанатты түрде тапсырылды. Бұл – ойшылдың аудармашылық мұрасын одан әрі зерттеуге кеңінен жол ашары анық.
Жиында Шәкәрімтану ғылыми орталығының басшысы, энциклопедист-ғалым Тұрдықұл Шаңбай да «Жәрдем» баспасының Алаш тарихындағы маңызын тебірене тілге тиек етті.
«Жәрдем» – Алаш қайраткерлерінің идеялық мұратын, елдік мүддесін халыққа жеткізген рухани орталық болды. Әлихан, Ахмет бастаған Алаш зиялыларының баспа ісін дамытуға атсалысуы қазақтың ұлттық тарихы мен мәдениетін танытуда айрықша рөл атқарды, — деді Тұрдықұл Шаңбай.
Ол сондай-ақ осы баспаның тарихи атауы қайта жаңғырғаннан бері баспахана мен ғылыми орталық арасында тығыз байланыс орнағандығын да атап өтті. Баспаның 115 жылдығына орай ғылыми отырыс ұйымдастырылып, кейін халықаралық ғылыми-теориялық конференция өткізілгені осының бір дәлелі. Ал осы таныстырылымға ұсынылған жинақ – сол ғылыми ізденістер мен пікір алмасулардың нәтижесі.
Ғылыми жинаққа енген зерттеулерде Алаш қайраткерлерінің баспа қызметін жолға қоюдағы көзқарастары, кітап шығару ісін дамыту тәжірибесі, қоғамдық-саяси және мәдени-ағартушылық қызметінің өзара сабақтастығы кеңінен қамтылған.
Жиынның мәртебелі мейманы, «Жәрдем» баспа компаниясының директоры Айдар Ғали-Арыстанұлы тарихи баспаны қайта жаңғырту идеясының қалай туындағанын баяндады.
«Жәрдем» баспасының атауын қайта жаңғырту идеясы 2002 жылдардан басталды. Сол кезде Тұрдықұл Қасенұлы ағамыз: “Алаш элитасының қалыптасуы осы баспадан басталған. Сондықтан “Жәрдемнің” аты өшпеуі керек. Бұл – Алашқа қосқан үлесің болады” деген еді. Сол сөз маған үлкен ой салды. Алаш тарихы мен мәдениетінің бастауын іздесек, оның бір арнасы баспа ісімен тығыз байланысты екенін көреміз. Еуропа Гутенбергті, Америка Бенджамин Франклиннің баспа ісін қалай дәріптесе, біз де Алаш баспаханасының тарихын солай ұлықтауымыз керек»,- деді Айдар Құдайбергенов.
Сондай-ақ кәсіпкер кітап нарығында баспаның тарихи атауын сақтап, баспа жұмысын жалғастырудың оңай еместігін, бұл істің үлкен жауапкершілік пен қаржылық қолдауды қажет ететінін де жеткізді. Дегенмен, басты мақсаты материалдық пайдадан бұрын ұлттық тарихтың бір парағын қайта жаңғырту екенін атап өтті. Баспа директоры өзі білім алған Шәкәрім университетінің басшылығы мен ғалымдарына осы бастаманы қолдағаны үшін алғыс білдірді.
Бүгінде кітап нарығында өзіндік орнын айқындаған «Жәрдем» баспасынан кітаптарын шығаруға белгілі ақын, жазушылары, ғалымдары әрдайым асығып тұрады десек, артық айтқандық емес. Бекен Исабайұлы, Тыныштықбек Әбдікәкімұлы, Дәмеш Омарбаева, Дәулет Сейсенұлы, Қайрат Сабырбай сынды қаламгерлердің жаңа кітаптары оқырман қауымға осы баспадан жол тартқаны да «Жәрдемнің» тарихи салмағын арттыра түскені сөзсіз.
Сәтжан Кәріпбаев
Семей қаласы
